#qyzylordatv

Сыр өңірінде «Жастар және сайлау» атты республикалық форум өтті. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров қатысқан жиынға барлық өңірден аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен Жас сайлаушылар клубының белсенді мүшелері келді.

Президент «Ата заң – қуатты, күшті, бәсекеге қабілетті Қазақстанның жаңа Жарғысы. Жаңа Конституция – көне заманнан бері бабаларымызға бағдар болған дала заңдарының бүгінгі жалғасы, ұрпақтар арасындағы сабақтастық көрінісі» деген болатын. Құзыреттілік орталығында өткен жиын сайлау жүйесіне енген соңғы өзгерістерді ортаға салып, алдағы жоспарды тағы бір бағдарлауға арналды.

Облыстың аумақтық сайлау комиссиясы аймақтар арасында алғашқы болып жаңа үлгіде жабдықталған дербес ғимаратқа көшті. Қызылорда қаласы мен барлық аудандағы сайлау комиссияларына ғимараттар беріліп, материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров «Сыр өңірі мықты электоралдық мәдениеті әрі кәсіби мектебі қалыптасқан аймақ» екенін атап өтті.

Форумда жас сайлаушылар клубының мүшелері мен қатысушылар еркін пікір алмасып, өз ұсыныстарын білдірді. Сонымен қатар, республикалық референдумды жоғары деңгейде өткізуге атсалысқан азаматтар Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысымен, Орталық сайлау комиссиясының ведомстволық медалімен, Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды.