#qyzylordatv

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров «Жастар және сайлау» республикалық форумы аясында еліміздің әр өңірінен келген жас сайлаушылар клубының мүшелерімен кездесті. Еркін форматтағы басқосуда клуб мүшелері жүзеге асырып жатқан жобаларын таныстырды және электоралдық мәдениетті қалыптастыру, жас сайлаушыларды дауыс беруге тарту жөніндегі тәжірибесімен бөлісті.

Мәселен, Алматы қалалық Жас сайлаушылар клубының төрағасы Бауыржан Маханбет жастарды ақпараттандыруға арналған инновациялық құралдардың кешенін ұсынды. Ал, Орал қаласынан келген белсенді жас Сабыржан Лиас студенттік ректор сайлауын ұйымдастыру тәжірибесін таныстырды. Сонымен қатар, жас сайлаушыларға арналған ақпараттық модуль әзірлеу және республикалық пікірсайыс турнирін өткізу керектігін айтты. Жиында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері кибералаяқтыққа қарсы бағытталған және жалған ресурстарды анықтауға мүмкіндік беретін «Qalqan AI» жобасын таныстырды. Барлық қатысушылардың жобаларымен танысқан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров жастардың ұсыныс, пікірлері назарға алынатындығын айтты. Жиын соңында «Болашақтан дауыс» комикстер сериясының тең авторы Руслан Муржанов мен қызылордалық белсенді, жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып комикстер сериясын әзірлеген Аяжан Мөңкебай марапат төрінен көрінді.