#qyzylordatv
Бүгін аймақ басшысы полиция қызметкерлеріне соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған, су жаңа 100 автокөліктің кілтін табыстады. Осылайша облыстық полиция департаментінің автопаркі жаңа көліктермен толықты.
Патрульдік полиция батальонының қызметкері Әлихан Жұбатқанов алғашқылардың бірі болып жаңа автокөліктің рөліне отырды. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген тәртіп сақшысы бұл маған жүктелген үлкен жауапкершілік. Сондықтан қызметімді адал әрі мүлтіксіз орындауға күш саламын,-дейді.
Аймақта соңғы төрт жылда құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын жаңарту мақсатында облыстық бюджеттен 17 млрд. 805 млн. теңге қаржы бөлінген. Соның ішінде полиция қызметкерлеріне замануи құрылғылармен жабдықталған 128 жаңа автокөлік берілді. Республикада алғаш болып облыстың барлық ауданында Жедел басқару орталықтары ашылды. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында соңғы үлгідегі бейнбақылау камералары орнатылды.
НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ
"Облыс орталығында 1400 бейнебақылау камерасы,
80 «зияткерлік қиылыс», 96 дана «стационарлық жылдамдық өлшегіш» құрылғылары орнатылды. Жергілікті атқарушы билік пен құқық қорғау органдарының бірлесіп атқарған үйлесімді жұмыстар оң нәтиже беруде. Облыс көлемінде атқарылған жүйелі әрі сапалы жұмыстардың арқасында құқық бұзушылық деңгейі соңғы жылдары тұрақты түрде азайып келеді."
Тәртіп сақшыларына берілген темір тұлпарлар байланыс құралдарымен, бейнетіркеу жүйелері, бағыттау құрылғылары, арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталған. Бұл тәртіп сақшыларының жедел әрекет етуі мен жұмысының сапасын арттырады.