#qyzylordatv

Халықты оңтүстіктен солтүстікке көшіру бағдарламасы жалғасуда. Осыған орай бүгін облыс орталығында «Enbek hub – QYZYLORDA» атты өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Абай, Ұлытау және Шығыс Қазақстан өңірлерінен келген арнайы делегация жобаның тиімділігін түсіндіріп, он мыңнан астам бос жұмыс орнын ұсынды.

 Бүгінде солтүстік өңірлерге «Қоныс аудару» бағдарламасы аясында мемлекет тарапынан бірнеше әлеуметтік қолдау шаралары қолға алынып отыр. Мәселен, теріскейге көшіп барған отбасының әр мүшесіне 302 мың теңгеден қаржылай қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ, үй алуға 7 млн 23 мың теңге берілсе, коммуналдық қызмет ақысы мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Ең бастысы, әр азамат қабілетіне қарай тұрақты жұмыс орнына орналасып, жеке кәсіппен шұғылдануға да жағдай жасалмақ.

АЗАМАТ ҚАЛЫҚОВ – АБАЙ ОБЛЫСТЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАРДЫ ҮЙЛЕСТІРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ

Облысқа қоныс аударған жағдайда 302 мың теңгеден адам басына төленеді. Бұл қайтарымсыз. Онан кейін 7 млн 23 мың теңге үй алуға сертификат беріледі. Сосын үй алмай тұрып бір жыл көлемінде үй алғанға дейін ай сайынғы пәтер ақысын төлеп беріп отырамыз. Сыр елінен осыған дейін 47 отбасы келді. 450-ге жуық адам. Бүгінгі күні барлығы тұрып жатыр. Тұрмыс сапасы жақсы.

НҰРЛАН БЕКЕЖАНОВ – ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАРДЫ ҮЙЛЕСТІРУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ //Біздің облыс тұрғындарының 80 пайызы қалада тұрады. Қалғаны ауылда. Сол себепті ауылда ауылшаруашылығы саласындағы мамандар, механизатор, жүргізуші, сондай-ақ мұғалімдер мен дәрігерлер жетіспейді. Біздің облыстан көшіп жатқандар көп. Сол себепті бос жұмыс орындары бар. Қызылорданың халқын бізге көшуге шақырамын. Біздің облыста жаңа өмірді бастауға мүмкіндік бар.

 Жәрмеңкеге келген тұрғындар арасында аталмыш бағдарламаға қызығушылық танытып жатқандар көп. Солардың бірі – көпбалалы ана Индира Аязбай Павлодар облысына қоныс аударғысы келеді. Сондықтан мамандарға біраз сұрағын қойып, жауабын алды.

ИНДИРА АЯЗБАЙ – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ

 Өзім Павлодар облысын таңдап тұрмын. Ауа райы да ұнап тұр. Сол жаққа барғым келеді. Жеті балам бар. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін. Негізі бұл жұмыссыз жүргендерге, жас мамандарға өте керекті көмек деп ойлаймын. Сол облысқа барғанда 7 млндай көмек беріледі екен. Әр балаға 300 мыңдай көмек беріледі екен. Сол жағы маған ұнады.

 Ал, қала тұрғыны Олимпиада Шульчикованың біраз уақыттан бері тұрақты жұмыс орны болмаған. Жәрмеңке аясында ол көпбейінді облыстық ауруханаға кіші қызметкер болып жұмысқа орналасты.

ОЛИМПИАДА ШУЛЬЧИКОВА – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ

Бұған дейін тек күнделікті ғана ақы беретін жұмыстарды істеп жүргенмін. Тұрғылықты жұмысым болмады. Енді осы жәрмеңке аясында тұрақты жұмысқа орналастым. Бұл мен үшін үлкен қуаныш. Бүгінгі жасалынып жатқан іс-шара халық үшін өте маңызды. Жұмыс берушілерге шынайы алғысымды білдіремін.

Жұмыс іздеп келгендердің арасында пробация есебінде тұрғандар да бар.

ҒАЛЫМЖАН ДҮЙСЕНБАЕВ – ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРАТУРА БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ПРОКУРОРЫ

Қазіргі уақытта пробациялық есепте 1031 адам есепте бар. Соның ішінде 759-ы жұмысқа қабілетті. Оның 357-і тұрақты жұмыспен қамтылған. 200-ден астамы өз-өзін қамтығандар....

 Іс-шарада облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аудару» бағдарламасы жаңа өңірде жаңа өмір бастауға таптырмас мүмкіндік екенін атап өтті.

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінен соң көпшілік назарына «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша мемлекеттен қайтарымсыз грантқа ие болып, кәсібінен нәсіп тауып отырған жандардың дайын өнімдері ұсынылды. Олардың қатарында тас төсеніштерін әзірлейтін шебер Раман Ысқақов бар. Жеке кәсіпкер жартылай автоматтандырылған шетелдік технологияның көмегімен жылына 80 мың тоннадай өнім шығарамыз, дейді.

 РАМАН ЫСҚАҚОВ – ШЕБЕР

«Атамекен» кәсіпкерлік палатасынан 30 млнға жуық көмек алдық. Қазір пенаблок, бетонблок, брусчатклер шығарамыз. Жаңадан бастап жатқан кәсіпкерміз. Енді-енді бастап жатырмыз. Өтім бар. Серіктестікте 12 адам жұмыспен қамтылған. Қазір қытайлық жартылай автоматтандырылған технологиямен жұмыс жасап жатырмыз. Алдағы уақытта жылына 80 мың тоннадай өнім шығаруды жоспарлап отырмыз.

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі әлі де жалғасады. Солтүстіктен келген делегация енді аудан орталығында түсіндірме жұмыстарын жүргізбек.