#qyzylordatv
Облыс орталығында «1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне» арналған салтанатты шара өтті. Ұлт бірлігін нығайтып, татулықты ту еткен шарада аймақтың дамуына айрықша үлес қосып жүрген түрлі сала үздіктері марапатталды.
«Қазақстан – достықтың мекені» атты салтанатты шараға облыс әкімі қатысып, өңірдегі өрелі істер мен байырқалы бастамаларға тоқталды. Береке мен бірліктің, тату тірліктің ордасына айналған Сыр елінде бүгінде отыздан астам этнос өкілі тұрады. Олар аймақтың экономика, мәдениет, спорт, білім, ғылым салаларының дамуына атсалысып келеді. Облыста этносаралық татулықты нығайтуға, қоғамдық келісімді сақтауға және ел бірлігін бекемдеуге бағытталған маңызды жобалар жүзеге асуда.
НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ
Еліміздегі этносаралық достық пен бірліктің үлгісін әлемге танытқан, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай, «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясының демеушілігімен 3 млрд. 800 млн. теңгеге заманауи, сәулетті жаңа «Достық үйінің» ғимараты ел игілігіне табысталды. Бұл – аймағымыздың бірлігі мен ынтымағын нығайтуға атсалысып келе жатқан этномәдени бірлестіктер мен Ассамблея белсенділері үшін барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етілген замануи ғимарат
Салтанатты шарада аймақтың әлеуметтік экономикалық дамуына үлес қосып жүрген түрлі сала үздіктері мен этнос өкілдері марапатталды. Атап айтсақ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы-ректоры Наурызбай Байқадамов үшінші дәрежелі «Барыс» орденімен наградталса, Қазақстанның құрметті журналисі, белгілі ақын Шәкизада Әбдікәрімов, облыстық мәслихат депутаты Ібайдулла Тілеп пен Қанағат Сақтағанов «Парасат» орденімен марапатталды.