#qyzylordatv
Қармақшыда «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясында IT Park ашылды. Енді аудан жастары робототехника, графикалық дизайн, бағдарламалау және жасанды интеллектімен жұмыс істеуді үйренеді.
Цифрлық технология мен жасанды интелект бүгінде экономиканың барлық саласына енгізіліп жатыр. Бұл заман талабы. Ендігі міндет – заманауи технологияларды меңгерген, ЖИ-дің жілігін шағып, майын ішетін, бәсекеге қабілетті, білікті кадрлар даярлау. Қармақшы ауданында ашылған IT Park осы бағытта жұмыс істейді. Орталық дербес компьютерлермен, жоғары жылдамдықты интернетпен және қажетті құрылғылармен жабдықталған.
ЖАНДОС ЕРКІНБЕК, АУДАН ӘКІМІ
Ауданымыздың талантты жастары жаңа технологиялармен заманауи цифрлардың шешімін дәл осы орталықта меңгеруге мүмкіндік алады. Бұл бағытта «Руханият» орталығында арнайы кабинет жабдықталды...
Айта кету керек, IT Park аймақта алғаш болып аудандар арасында Қармақшыда ашылып отыр. Мұнда облыс орталығынан және еліміздің әр өңірінен білікті мамандар шақыртылып, оқыту курсын жүргізеді. Жыл көлемінде үш жүзге жуық жастың білімін жетілдіру жоспарланып отыр.
Шара аясында «Ұлы дала мұрасы – заманауи инновацияда» тақырыбында жас педагогтер арасында байқау ұйымдастырылды. Дәстүр мен жаңа технология тоғысқан тағылымды шараға кент мектептері мен қосымша білім беру ұйымдарының ұстаздары қатысып, үш бағыт бойынша өздерінің жобаларын ұсынды. Бірінші «Дәстүрден – дизайнға: Ұлы дала шеберлігі» бағытында ұлттық қолөнер бұйымдарын заманауи дизайнмен үйлестірсе, екінші робототехника сайысында инновациялық жобаларын ұсынды. Бұл сында аудандық оқушылар үйінің үйірме жетекшісі Нұрлыбек Малаевтың жамбы ататын роботы бірінші орынға лайық деп танылды.
Ал, үшінші бағыт бойынша жасанды интеллект негізіндегі жобалар таныстырылды. Заманауи технологияны меңгерген мұғалімдер түрлі қосымшалар, чат-боттар және цифрлық модельдер арқылы ұмытыла бастаған ұлттық мұраны жаңғыртып, жаңаша қырынан көрсетті.
Педагогтардың жасап шығарған түрлі платформалары сабақ барысында қолданылады. Бұл оқушылардың сабақ оқуға деген қызығушылығын, құлшынысын арттыруға үлкен мүмкіндік береді, - дейді жоба авторлары.