#qyzylordatv
Облыс орталығында шахматтан ауылшаруашылығы саласының үздігі Аралбай Махамбетовті еске алуға арналған республикалық мемориал өтуде. Дәстүрлі турнир жасөспірімдер арасында ел Кубогының алғашқы кезеңі ретінде ұйымдастырылып отыр.
Биыл 18-ші мәрте жалауын желбіреткен жарысқа Қазақстанмен қатар көршілес Ресей, Тәжікстан және Қырғызстан да сайдың тасындай іріктелген ойыншыларын әкелген. Олардың арасында болашағынан үміт күттіретін өрендер жетерлік. Солардың бірі – қырғызстандық Салман Хилон. Бұған дейін бірнеше халықаралық турнирде топ жарып үлгерген жасөспірім Сырдағы сайысқа тыңғылықты дайындықпен келіпті.
САЛМАН ХИЛОН – ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ/ҚЫРҒЫЗСТАН
Мен шахматты 3 жасымнан бастап ойнаймын. Қырғызстанда шахмат клубының мүшесімін. Бұған дейін де халықаралық жарыстарда өнер күрсеттім. Жүлделерім бар. Ал, бұл турнир мен үшін маңызды. Өйткені мұнда рейтинг анықталады. Барлық ойынды жеңіп, рейтингімді көтергім келеді
Жалпы, жүйрік ойлылар додасына 10 және 14 жасқа дейінгі 400 шахматшы қатысып жатыр. Жарыс 9 турдан тұрады және швейцар жүйесі бойынша өрбуде. Әр ойыншыға 2 сағаттан беріледі.
АРМАН ГАБДУШЕВ – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДӘРЕЖЕДЕГІ ТӨРЕШІ
Шахмат ойнап жатқан жасөспірімдер демесеңіз деңгейлері ересектерден еш кем түспейді. Жетістіктері де жоғары. Ел біріншілігінің жүлдегерлерінен бастап, халықарылық турнирлердің жеңімпаздары бар. Сол себепті, тақтадағы әрбір тартыс қызықты өтуде. Тәіртбелі төрешілер қазылық етуде. Ойыншыларға барлық жағдайды жасап қойдық. Тек мықтылары жеңіске жетсін дейміз
Ойыншылар чемпион атағы үшін ғана емес, Қазақстанды халықаралық аренада таныстыру мүмкіндігі үшін де барын салмақ. Ал, оқ бойы озық шыққандары алдағы әлемдік, құрлықтық бәсекелерге жолдама алады. Өзге елден келген спортшылар үшін де солай. Олар да ойында жинаған ұпайлары бойынша ретингісін анықтап, өздерінің ұлттық құрамаларын жасақтайды. Сондай-ақ, спортшылардың сайыс барысында спорт шебері атануға мүмкіндіктері бар.
БАҚТЫГҮЛ ТЕЛЕМБАЕВА – ЖАТТЫҚТЫРУШЫ/ҚЫРҒЫЗСТАН
Қазақстанда өтетін турнирлерді жібермей қатысуға тырысамыз. Өйткені мұндағы спортшылардың деңгейі жоғары. Сол себепті, бұл жарысты тәжірибе алаңы деп те айта аламын. Қырғызстанда өзімнің шахмат клубым бар. Сол жақтан іріктелген ойыншыларымды алып келдім. Дайындығымыз жоғары. Енді команда мүшелерінен жеңіс күтемін. Ұйымдастырушыларға зор алғысымды білдіремін
Айта кетейік, жарыс 10 мамыр күні қорытындыланады. Келесі жылы ұйымдастырушылар басқа да мемлекеттерінен спортшыларды шақырып, турнир ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр.