#qyzylordatv
«Қазіргі жаһандану және цифрландыру жағдайындағы Қазақстан Республикасының Конституциясы». Осындай тақырыпта Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Ата Заңның маңызы мен енгізілген өзгерістерді талқылауға арналған халықаралық конференция болды. Құқық қорғау саласының қызметкерлері, Заң факультетінің оқытушылары мен студенттердің басы қосылған жиында жаңа Конституция кеңінен түсіндірілді.
Жаңа Конституция – елдің саяси-құқықтық дамуының келесі кезеңін айқындайтын стратегиялық құжат. Сондықтан, ғалымдар мен университет оқытушылары Ата Заңға енгізілген реформалардың мән-жайын егжей-тегжей түсіндірді. Мәселен, жиынға онлайн режимде қатысқан Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің философия докторы Әлия Қасымбек «Қазақстанның жаңа Конституция жағдайындағы конституциялық дамуы» тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ спикерлер еліміздің мақсат-міндеттері, құндылықтары мен қағидаттары заман талабына сай жаңғырып жатқанын сөз қылды.
ЕРКЕМАЙ САНИЯЗОВА – ҚОРҚЫТ АТА АТЫНДАҒЫ ҚЫЗЫЛОРДА УНИВЕРСИТЕТІ «ҚҰҚЫҚТАНУ» БББ ЖЕТЕКШІСІ
Басты мақсатымыз жаңадан қабылданған Конституциямыз 1 шілдеде күшіне енеді. Осы Конституциялардың нормаларын, жаңашылдықтарын студенттерге, профессор-оқытушы құрамына таныстыру болып табылады және насихаттау.
Конференцияда сот жүйесінің нығайып, соттар қызметінің тиімді заңнамалық базасы жетілдіріліп жатқаны сөз болды. Құқық қорғаушылар Заң мен тәртіп қағидасына да тоқталып өтті.
Студенттер үшін бұл жиын тек дәріс емес, тәжірибе алмасу алаңына айналды. Болашақ заңгерлер тәжірибелі мамандардың кеңесін тыңдап, цифрлық дәуірдегі заң үстемдігі туралы түсініктерін тереңдете түсті. Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай талқылаулар қоғамда заңға деген құрметті күшейтіп, мемлекеттің демкоратиялық негізін нығайта түседі.