#qyzylordatv

Аймақта алғаш рет мектеп оқушылары арасында «EKTU Quiz–2026» зияткерлік ойыны өтті. Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті мұрындық болған ақыл-ой ойынына 11 команда қатысты. Жүзден жүйрік шыққан үш жеңімпаз командаға жоғары оқу орнының білім гранты табысталды.

Интеллектуалды сайысқа облыстағы білім ошақтарынан 11 команда, 80-ге жуық оқушы қатысты. Әр топта 7 оқушы бақ сынады. Жалпы, білім бәйгесі 6 кезеңнен тұрды. Әр кезеңде қатысушыларға тәуелсіздіктің 35 жылдығы, ғалымдарға қатысты және музыка, кино бағыттары бойынша, ұлттық бірыңғай тестте кездесетін сұрақтар қойылып, логикалық тапсырмалар берілді.

Танымдық байқауда қатысушыларға ойлануға бір минуттан берілді. Әуелі командалар сұрақтарға тез жауап бергенімен, күрделі кезеңдер оқушылар үшін оңайға соқпады. Әсіресе, қазақша әуендер мен кино тайм сайысы қатысушылар үшін қиындық тудырды.

Интеллектуалдық сайыс соңында сұрақтарға мүдірмей, дұрыс жауап берген 2 команданың ұпайы тең түсті. Сондықтан, ұйымдастырушылар екі топқа бірдей сұрақтар қойып, шын мықтыны анықтады. Жарыс нәтижесі бойынша «Ғани жұлдыздар» командасы 3 орынды иеленді. Оларға Шығыс Қазақстан техникалық университетіне бір жылдық тегін оқуға арналған сертификат табысталса, екінші орынды еншілеген «Эверест» командасына 2 жылдық грант берілді. Ал, ең көп ұпай жинап, бірінші орынды иеленген аралдық «Жеті қарақшы» жігіттерінің әрқайсысына 4 жыл тегін оқуға грант тағайындалды.

Өскемендегі оқу ошағының өкілдері біздің өңірдегі мектеп бітіруші түлектерді қызықтыру мақсатында автокеруен өткізді. Бұл жастардың техникалық мамандықтарға қызығушылығын арттыруға бағытталған қадам, дейді ұйымдастырушылар.

«EKTU Quiz–2026» зияткерлік ойыны мен автокеруен 4 және 20-шы мамыры аралығында еліміздің оңтүстік өңірлерінде ұйымдастырылып келеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, білімділер бәсекесінде Жетісу және Қызылорда облысындағы оқушыларға ғана арнайы гранттар тағайындалған.