#qyzylordatv
15 мамыр – халықаралық Отбасы күні. Отбасылық құндылықтарды нығайту және бала тәрбиесіндегі өзекті мәселелерді талқылау мақсатында «Parents talk: Бақытты отбасы» атты облыстық ата-аналар форумы өтті.
Форумда баланың тұлға болып қалыптасуындағы ата-ананың рөлі кеңінен айтылды. TEDх форматындағы баяндамада тәжірибелі мамандар тың деректермен бөлісті. «Бақытты отбасы» орталығының кеңесшісі, педагог Елжас Ертайұлының айтуынша бала тәрбиесінде отбасы мүшелерінің ауызбіршілігі маңызды. Сондай-ақ баланы ұрмай-соқпай, жазаламай, салыстырмай тәрбиелеу тетіктерін атап өтті.
Форумда жасөспірімдердің ата-аналарға арналған бейнеүндеуі көрсетілді. Балалардың жиі айта бермейтін ойын, көбіне жасырып қалатын сөзін мамандар көпшілікке жеткізді.
Мамандардың айтуынша, бала ата-анасының сөзі мен қолдауы, құшағы арқылы махаббат пен мейірімді сезініп өсуі қажет. Айта кету керек, іс-шараға білім беру ұйымдарының өкілдері, педагог-психологтар, ата-аналар, сала мамандары мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
Тың тәжірибе, құнды кеңестер айтылған форумды облыстық білім басқармасының облыстық психологиялық орталығы ұйымдастырды. Сондай-ақ, жиында «Бақытты отбасы балалар көзімен» атты сурет байқауының жеңімпаздары марапатталды.