#qyzylordatv

КСРО халық ағарту ісінің үздігі, ақын, зерттеуші-ұстаз Әуезхан Палымбетовтың туғанына биыл 95 жыл. Осыған орай, Сырдария ауданы, Шіркейлі ауылы, Әбіраш Жәмішев атындағы №129 мектеп-лицейінде «Қалдырған ізің мәңгілік» атты еске алу іс-шарасы өтті. Рухани кеште ұлағатты ұстаздың «Ұрпағыма аманат» атты кітабы таныстырылып, жас ақындар өз арнауларын оқыды. Айта кетейік, іс-шара «AMANAT» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында ұйымдастырылды.

 Саналы ғұмырын білім саласына арнаған Әуезхан Палымбетов 1931 жылы Сырдария ауданы, Шіркейлі ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын арнайы жолдамамен Оңтүстік Қазақстан облысы, Шәуілдір ауданындағы Қаракөл мектебінде мұғалімдік қызметтен бастайды. Мұнда оқушыларға география пәнінен сабақ беріп, кейін мектеп инспекторы, білім бөлімінің меңгерушісі болды. Ал, 1970 жылы туған жері Шіркейліге оралып, ауыл мектебінде жас ұрпақты тәрбиелеуді жалғастырады. Кейін мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, мектеп директоры қызметінде болып, білім ордасын жарқын жетістікке жеткізді. Іс-шарада сөз алғандар ұлағатты ұстаздың өмір жолы мен білім саласына сіңірген еңбегін атап өтті.

 Еске алу кеші әрі қарай жас ақындар мүшайрасымен жалғасты. Әр ауданнан іріктелініп алынған қатысушылар екі кезең бойынша бақ сынады. Алдымен жас ақындар Әуезхан Палымбетовке арнауларын оқыса, екінші кезеңде «Туған жер», «Отан» тақырыбында өз өлеңдерін жатқа оқыды.

 Мұнан кейін, көпшілік ұстаздың есімі берілген жаратылыстану сыныбының ашылу рәсіміне қатысты. Кабинет заманауи техникалармен жабдықталған. Сондай-ақ ұстаздың жазған еңбектері мен естеліктеріне арналған бұрыш пен жаратылыстану пәніне қажетті көрнекіліктер қойылған. Ұстазға жасалған құрмет «AMANAT» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында ұйымдастырылды.

 Әуезхан Палымбетовтің білім беру ісіне сіңірген еңбегі ел жадында. Ұстаздың бұл ғибратты ісі - ұрпаққа өнеге.