#qyzylordatv
«Қайсар» командасы маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Қызылордалық «қасқырлар» Премьер-лиганың оныншы туры аясында өз алаңында Қостанайдың «Тобыл» командасын қабылдаған болатын. Тартысқа толы ойынға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қатысып, жергілікті командаға қолдау көрсетті.
Аймақ басшысы матч алдында «Қайсар» футбол клубының ойыншыларымен кездесіп, сәттілік тіледі. Жанкүйерлердің сенімін ақтау үшін алаңда аянбай ойнап, жеңіске жету керектігін айтты.
Мұрат Ергешбаевтың қолдауынан екпін алған алаң иелері ә дегеннен ақ допқа иелік етіп, Тобылдың қақпасына шабуыл ұйымдастырды. Виктор Мозезстің пасын ұтымды пайдаланған Айбол Әбікен ойынның алғашқы минутында есеп ашты.
Қызылордалық аяқдопшылар мұнымен тоқтап қалған жоқ. Шабуылды үдетіп, Тобыл ойыншыларын тығырыққа тіреді. Қайсардың қасқыр мінез ойыншысы Айбол Әбікен тоғызыншы минутта тағы да алға суырылып шығып, қарсыластың қақпасына екінші мәрте гол соқты.
Қостанайлық команда да қарап қалған жоқ. Тәжірибелі ойыншы Асхат Тағыберген бастаған аяқдопшылар Адам Ковачтың қақпасына бірнеше мәрте қауіпті соққы жасады. Нәтижесінде ойынның 29 минутында «Тобылдың» жартылай қорғаушысы Жасұлан Жұмашов гол соғып, есепті қысқартты.
Ойынның екінші таймында гол соғылмады. Қазақстан Премьер-лигасы аясында өткен «Қайсар» мен «Тобыл» арасындағы тартысты матч 2:1 есебімен аяқталды. Маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізген қызылордалық командаға жерлігікті жанкүйерлер тік тұрып, қошемет көрсетті.
АНДРЕЙ ФЕРАПОНТОВ – «ҚАЙСАР» ФК БАС БАПКЕРІ
Көптен күткен жеңіспен құттықтаймын, бәріміз осы жеңісті ұзақ күттік. Бүгін бізге өте мықты команда қарсы тұрды. Дайындық барысында олардың қалай ойнайтынын көрдік. Футболшыларының деңгейі өте жоғары, жаттықтырушылар штабы да өте сауатты. Ең бастысы шыдау, күту, өз сәтіңді аңду, сонымен бірге қарсы ойын да көрсету. Негізі, әсіресе бірінші таймда бізде бұл кей сәттерде жақсы шықты, қорғаныстан шабуылға бірнеше рет сәтті өттік. Оған қоса, Мозестің жеке шеберлігі, жігіттердің жоғары дайындығы әсер етті. Әбікен де өте үлкен көлемде жұмыс атқарды
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев «Қайсар» командасының ойыншыларын жеңісімен құттықтады.
Бұған дейін сүреңсіз ойын көрсетіп келген «Қайсар» командасы өз алаңында үш ұпай алып, турнир кестесінде 12 орынға тұрақтады. Қызылордалық команда енді 23 мамыр күні сырт алаңда алматылық «Қайрат» командасымен кездеседі.