#qyzylordatv

Қызылордада «AI-KERIM» жаңа оқу-сауықтыру орталығы ел игілігіне берілді. Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асырылған оқу-сауықтыру орталығының ерекшелігі жыл он екі ай үздіксіз жұмыс істейді. Аумағы 5 мың шаршы метрден асатын ғимаратта балалардың жазғы демалысын өткізуге барлық жағдай жасалған. Заманауи орталықтың ашылу салтанатына облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қатысып, балалардың қуанышына ортақтасты.

 Құны 10 миллиард теңге болатын «AI-KERIM» оқу-сауықтыру орталығы жасыл желекке оранған Президент саябағы аумағынан бой көтерді. Құрылысы былтыр қыркүйек айында қолға алынған болатын. Мемлекет басшысы пәрмен берген тапсырманың орындалуына экс-әкім Нұрлыбек Нәлібаев мұрындық болды. 300 орындық ғимаратта әкімшілік бөліммен қатар ауқымды іс-шара өткізуге арналған ивент аймақ, төрт жайлы жатақхана және қонақ үй үлгісіндегі ғимарат бар. Мамандардың айтуынша, заманауи үлгіде жабдықталған нысан әлемдік стандартқа сай келеді. «Халықаралық Балаларды қорғау күні қарсаңында ашылған бұл орталықты Мемлекет басшысының қолдауымен жас ұрпаққа жасалған тамаша тарту деп есептейміз»,-деді Мұрат Ергешбаев.

 МҰРАТ ЕРГЕШБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ

 Бұл балаларымыздың заманға сай білім алып, жаңа дағдыны үйренетін, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыратын, асқақ армандарға қанат қақтыратын ғажайып мекен. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «ұл-қыздарымызды парасатты, жан-жақты болып өсуіне жағдай жасау, жас азаматтарымыздың құқығын қорғап, денсаулығын сақтау мемлекетіміздің басты міндеті деген болатын. Осы мақсатта жас ұрпақтың жан-жақты сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасап, жайлы орта қалыптастырудамыз. Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 10 жаңа мектеп салынды. Физика-математика бағытындағы білім инновация лицей интернаты, музыкалық колледж пайдалануға берілді. Оқушылар сарайы, Сыр жұлдыздары академиясы салынды...

Сондай-ақ, орталықта балалардың спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалған. Талапқа сай спорт залы мен бассейн бар. Лагерь алғашқы оқушыларды маусым айынан бастап қабылдайтын болады.

МҰРАТ БАҚТИЯРҰЛЫ – МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ

Бұның ең бірінші іске асуына Мемлекет басшысы екенін айтуымыз керек. Өйткені, келген кезде осы мәселені өзі айтып, сол кездегі облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлына тапсырма берген болатын. Қаржысын бәрін шешіп берді. Бір жылға жетпей 9 айдың көлемінде керемет әдемі ғимарат тұрғызылды. Соңғы үлгідегі оқу-кабинеттері, ба рлық балалардың өндірістік бағытта пайдаланатын құрал-жабдықтары барлығы бар. Балаларымыздың тәрбие алуына, кәсіпке баулуына бүкіл жағдай жасалды.

Бүгінде өңірде 180 мыңға жуық мектеп оқушысы бар. Олардың жазғы демалысын қызықты әрі тиімді өткізу мақсатында кешенді жоспар әзірленген. Биыл 170 мыңнан астам бала тынығу лагеріне, 150 мыңға жуығы мектеп жанындағы лагерьде демалады.

Айта кетейік, жақын күндері орталық жанынан ботаникалық бақ ашылады. Сонымен қатар 17 мың шаршы метр аумақ абаттандырылмақ.