#qyzylordatv

Ауыл шаруашылығы құрылымдарына су үнемдеу технологияларын енгізу – күн тәртібіндегі маңызды мәселе. Осы орайда өңірімізде 16 мың гектар аумаққа су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланған. Аймақ басшысы Шиелі ауданына жұмыс сапары барысында егіс басында шаруалармен кездесіп, көктемгі егін науқанының барысын бағамдады. Мұнан соң зиялы қауым өкілдерімен жүздесіп, темір жол вокзалын жаңғырту жұмыстарымен танысты.

 Алғабас ауылындағы «Жер – Жомарт» шаруа қожалығы 175 гектар аумаққа бақша дақылдарын еккен. Егістікке тамшылатып суару әдісін қолдануда. Алқапта көкөністің 7-8 түріне күтім жасалып жатыр. Ерте егілген қияр алғашқы өнімін бере бастаған. Шаруаларға жапондық жабдықтармен қамтылған шағын техникалардың көмегі көп. Бірнеше жұмысты қатар атқаруға бейім тракторлармен танысқан облыс әкімі егістікті аралап көрді. 17 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған шаруашылық егін жинау маусымында жұмысшылар санын еселеп арттырады.

 Биыл ауданда 31 213 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған. Негізгі дақыл күріштің көлемі - 10600 гектар. Мамандар облыста агросаланы әртараптандыру ісіне шаруалардың да көңіл бөле бастағанын айтып отыр. Бұл тіршілік нәрін тиімді пайдалануға да оң әсер етпек.