«Эколог сағаты» республикалық акциясы Сыр өңірінде жалғасты. Тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға арналған маңызды бастама жастарды туған өлкеге жанашырлықпен қарауға үндеді.

Президент паркі аумағында жүзге жуық жас пен табиғат жанашырларын, еріктілер мен экобелсенділердің басын қосқан акцияда ғалымдар, экологтар еркін форматта дәріс оқыды. Өңірді көгалдандыру мен түрлі көшеттерді жерсіндірудегі әдіс-тәсілдерімен бөлісті. Сондай-ақ қоқысты сұрыптаудың нәтижесі мен зиянды заттардың қоршаған ортаға тигізетін әсері туралы кеңінен айтылды. Бұл ретте мамандар қарапайым батарейкалардан бастап түрлі металдардан жасалатын электр құрылғыларынан келетін қауіптің зардабы мол екенін жеткізді. Сонымен қатар экологиялық іс-шараларды көбейту қажеттігі сөз болды. Акция барысында ғалымдар өсімдік түрлеріне күтім жасауды тәжірибе жүзінде де түсіндірді.