«Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» Акционерлік қоғамының ұжымы жаңақорғандық бүлдіршіндерге шаттық сыйлады. Ширек ғасырға жуық «Балдәурен» балабақшасымен әлеуметтік әріптестік орнатқан компания жыл сайын түлектерге оқу құралдары салынған сөмке табыстап, сый-сияпат көрсетіп келеді.
Тәрбиешілерге әнімен алғысын жаудырған бұл бүлдіршіндер балабақшаның жиырма бесінші түлектері. 2001 жылы ашылған балғындар отауы бүгінге дейін мыңнан астам баланы қанат қақтырып, тәлім-тәрбиемен сусындатты. Ширек ғасыр бойы балабақшамен байланысын үзбеген «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясы ұжымға әлеуметтік қолдау көрсетіп келеді. Биыл да 20 миллион теңгеден астам қаржылай демеушілік танытқан. Бұл жолы бітіруші түлектерге оқу құралдары салынған сөмке арқалатты.
«Балдәуренге» бірнеше жыл бұрын баласын әкелген Айгүл Өтегенова қазір немересін тасып жүр. «Бүлдіршіндердің жан-жақты дамуына тәрбиешілермен қатар ата-аналардың да үлес қосуы қажет»,- дейді ол.
Балабақшамен қоштасқан 25 түлек мерекелік кеште ән айтып, би билеп, өз өнерлерін ортаға салды. Музыкалық аспаптардың әліппесін меңгерген олар оркестрде ойнап, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.