#qyzylordatv
Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту және жолаушыларға жайлы жағдай жасау мақсатында аймақтағы барлық теміржол вокзалдарының ғимараты күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Соның ішінде Жаңақорған, Шиелі және Қазалы аудандарындағы вокзал құрылысы толықтай аяқталып, пайдалануға берілді. Қайта жаңғыртудан өткен нысандардың ашылу рәсіміне Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов пен облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қатысып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті.
ӘКІМЖАН ЖОЛТАЕВ, Қазалы теміржол вокзалы 125 жылға жуық тарихы бар көне ғимараттың бірі. Нысанға толықтай жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, ел игілігіне беріліп отыр. Мұнда жолаушылар үшін барлық жағдай жасалған. Атап айтсақ, мүгедектігі бар азаматтарға арналған, ана мен бала және дәрігерлер бөлмесі де қарастырылған
Қазалы теміржол вокзалының іргетасы ХХ ғасырдың басында қаланған. Құрылысқа қажетті материалдарды Ақирек тауынан түйеге артып тасыған екен. Қабырғасы күйдірілген кірпіштен өрілген. Ерекше сәулетімен дараланған бұл ғимарат 1980 жылы архитектуралық ескерткіш ретінде арнайы есепке алынған. 1903 жылы салынған тарихи нысан «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясының қаржыландыруымен қайта жаңғыртылып отыр. Вокзалдың шатырынан бастап, еденіне дейін, есік-терезесі түгелдей ауыстырылды, күту залы заманауи талаптарға сай жабдықталды. Мердігер мекеме өкілі ең бастысы сапаға мән бергенін айтады.
Қазалы теміржол вокзалына тәулігіне 300-ден астам адам кіріп, шығады. Ал, станция арқылы Алматы, Астана, Қызылорда, Павлодар, Ақтөбе, Маңғыстау және көршілес Ресей, Өзбекстан, Қырғызстанға қатынайтын 24 жолаушылар пойызы өтеді. Облыс әкімі ауданның бас қақпасы саналатын вокзалдың айналасын таза ұстап, абаттандыру жұмыстарына ерекше мән беру керектігін айтты.
Жаңақорған теміржол вокзалы мен Талап жолаушылар платформасында да қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Елу жылдан астам тарихы бар Жаңақорған вокзалының шатыры ауыстырылып, сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілді, инженерлік жүйелері толықтай жаңартылды. Бір сөзбен айтқанда, тұрғындар үшін барлық жағдай жасалған.
Іргетасы 1904 жылы қаланған Шиелі теміржол вокзалы да күрделі жөндеуден өтіп, ел игілігіне берілді. Тарихи нысанның сыртқы келбеті жаңартылып, күту залы заманауи талаптарға сай жабдықталған. Вокзалдың аумағы абаттандырылып, жарықтандырылды.
Теміржол вокзалдарын жаңғырту - аймақ тұрғындары мен жолаушыларға қолайлы жағдай жасау, көлік инфрақұрылымының сапасын арттыруға бағытталған маңызды жобалардың бірі. Облыс бойынша барлық вокзалдың құрылысына 10 млрд.теңге қаржы қаралған.
Айта кету керек, Президент тапсырмасымен еліміз бойынша 124 вокзал қайта жаңғыртудан өтуде. Соның ішінде Арал қаласы мен Сексеуіл кентіндені темір жол вокзал ғимараты толықтай сүріліп, қайтадан салынып жатыр. Тоғыз жолдың торабында орналасқан бұл нысандардың құрылысы алдағы тамыз айына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.