#qyzylordatv 

Сыр өңірінде дәстүрлі ән өнерін дәріптеген «Сырлы әуен – сырнайлы кеш» атты концерт болды. Облыстық филармонияның дәстүрлі әншісі Тоғжан Өтенова алғашқы жеке шығармашылық кешін өткізіп, көрерменге рухани азық сыйлады.


 Нартай жыр мектебінің ізін жалғастырушы Тоғжан Өтенова алғашқы жеке шығармашылық концертінде халық әндері мен қазақ композиторларының шығармаларын нақышына келтіріп орындады. Кештің ерекше сәттерінің бірі – ұстазы Ақмарал Ноғайбаевамен бірге орындалған «Ұстаз бен шәкірт» дуэті болды.


ТОҒЖАН ӨТЕНОВА, ДӘСТҮРЛІ ӘНШІ 

 Халық өте жоғары деңгейде қабылдады. 2 жыл уақыттың ішінде біршама жетістіктерге жеттім. Оның ішінде жыраулық өнермен, Нартай атамыздың дәстүрлі сырнаймен ән салу мектебінің өкілі ретінде шетелдерге гастрольдік сапармен барып қайттық Швейцария мемлекетіне және де Түркия мемлекетіне осы біршама жетістіктерге жетіп. Алдағы уақытқа жоспарлар көп осы Нартай атамыздың барлық шығармаларын дерлік өз дауысымда, өзімнің жазбамды қалдырып келешек ұрпаққа насихаттау. Осы ұстаздарымның жолын жалғап берген тәлім-тәрбиесімен, берген өнегесімен өнер жолында өзімнің ойып тұрып алатын дәстүрлі әнші ретінде атымды қалдырғым келеді.


Концерт барысында жас өнерпаздың орындаушылық шеберлігі мен шығармашылық ізденісі кеңінен көрініс тапты.


 ЛӘЗЗАТ КӨБЕГЕНОВА, Т.ӨТЕНОВАНЫҢ АНАСЫ 

Қызым Тоғжаным отбасында үшінші баламыз өнерге өте құштар болды сонау кішкентай мектеп алды даярлық топтан өзі сол әнге сондай жаны құмар кішкентай сәби кезінен өнерге құштар болды. Қанмен келген шығар деп ойлаймын , қызымның осы өнер жолына түскеніне біз отбасымызбен дән ризамыз. Әнге әуез, күйге құмар балажан еш уақытта жаман нәрсені ойламайды , ешкімге қиянат жасамайды жаны таза болып осындай өзінің халқының жүрегінен орын алып өнермен өрге жүзе береді деген үлкен бір сенімдеміз.


 Алғашқы жеке шығармашылық концерт жас орындаушының өнер жолындағы маңызды белесіне айналып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.