#qyzylordatv
23 тамызда ел тарихында тұңғыш рет Құрылтай депутаттарын сайлау өтеді. Саяси дода алдында Орталық сайлау комиссиясы қазақстандықтарға Үндеу жасап, конституциялық құқығын іске асыруға шақырды. Сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформаларды пайдаланушылардың міндеттеріне ерекше назар аударды. Сайлауалды үгіт-насихат материалдарын орналастыру құны мен шарттары туралы мәліметтерді 18 шілдеге дейін жариялау қажеттігін еске салды.
Үгіт материалдарын орналастыру үшін олар сайлауалды үгіт басталғанға дейін кемінде бес күн бұрын орналастыру ақысының мөлшері мен шарттары туралы мәліметтерді жариялап, Орталық сайлау комиссиясына ұсынуға міндетті. Осы талап орындалмайынша үгіт материалдарын жариялауға жол берілмейді. Себебі Сайлауды заң талаптарына қатаң сәйкестікте, ашық, жария әрі жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізіп, сайлау процесіне қатысушылардың барлығына тең жағдай жасау маңызды.
Айта кетейік, Құрылтай бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі бойынша пропорционалды сайлау жүйесі негізінде сайланатын 145 депутаттан тұрады. Депутаттардың өкілеттік мерзімі – бес жыл.
Жалпы елімізде сайлауды өткізу үшін 10 427 сайлау учаскесі, оның ішінде 64 мемлекеттегі 82 шетелдік сайлау учаскесі жұмыс істейтін болады. Жергілікті атқарушы органдар сайлаушылар тізімін учаскелік сайлау комиссияларына 2 тамызға дейін ұсынуы тиіс.