#qyzylordatv 

Білім биігіне қол созып, мәртебелі маман атануға талпынған жастар үшін жемісті сәт. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, Жаратылыстану институтының бітіруші түлектеріне диплом тапсыру рәсімі өтті. Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев арнайы қатысып, маман атанып, ел мерейін асыруға қадам басқан жастарға сәттілік тіледі.


 Бүгінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде 10 мыңнан аса білім алушы бар. Биылғы оқу жылын 2 605 түлек тәмамдап отыр. Жаратылыстану институты бойынша 630-ы бакалавриат, 79-ы магистратура бағдарламасы бойынша білім алған. Оның ішінде 47 түлек үздік диплом иегері атанса, 7 студент Қазақстан Республикасы Президентінің стипендиясына ие болды. Салтанатты рәсімде аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев түлектерге сәттілік тілеп, диплом табыстады.


 МҰРАТ ЕРГЕШБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ 

 Күні кеше ғана жаңа Конституциямыз қолданысқа еніп, еліміздің тарихында түбегейлі жаңару мен жасапаздыққа жол ашатын айтулы кезең басталды. Бұл тек заңды құжаттың өзгеруі емес, бұл әділетті қоғам мен жарқын болашаққа деген барша халықтың сенімді серпілісі. Президентіміз «Біздің басты стратегиялық мақсатымыз жоғары Конституциялық қағидаттарды іске асыра алатын білімді, дені сау, зияткер әрі озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу» деген болатын. Еліміздің ертеңі мен тірегі сіздер секілді жалынды жастарға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Әділетті Қазақстанды құруда қозғаушы күш, оның жаңа белестерін бағындыру жасампаз қуатты да өздеріңіз. Жастық жігер мен асқақ арман еліміздің басты бағдарына айналып, Тәуелсіздігіміздің тұғырын одан әрі биіктете түсеріне сенеміз.


Тоқсан жылға жуық тарихы бар университет озық идеялардың жаршысы ретінде ғылымға жаңа новаторлық инновацияларды енгізіп, бәсекеге қабілетті мамандар даярлап келеді. Нәтиежесінде, «Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары сұранысының тәуелсіз рейтингі – 2026» қорытындысы бойынша университет жоғары балл жинап, еліміздегі көпсалалы жоғары оқу орындарының ішінен 7-ші орынға ие болды. Бұдан бөлек, университеттің 31 мамандығы республика бойынша үздік үштік қатарында тұр. Сондай-ақ, Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарын қамтитын халықаралық көрсеткіштің биылғы қорытындысы бойынша аталмыш білім ордасы біршама жоғарылады. Бұл – үлкен жетістік.


 Мерейлі кеште түрлі салада озат атанып жүрген университет түлектері ізбасарларын құттықтай келді. Ал, диплом алып, маман атанған жастардың көңілі шат.


 Осылайша білім ошағынан тағы да бір буын қанат қақты. Түлектер үшін бұл күн – жаңа өмірге бастар маңызды қадам.