#qyzylordatv 

 Сыр спортынан сүйінші жаңалық. Қытайдың Ханчжоу қаласында параволейболдан болған Әлем чемпионатында ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен жерлестеріміз қола жүлдеге ие болды. Ал, Индонезия астанасы Джакарта қаласында бокстан өткен жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында қызылордалықтар екі медаль жеңіп алды. Спортшыларды Сыр жұртшылығы «Қорқыт ата» әуежайынан қошеметпен күтіп алды.


 Параволейболдан ұлттық құрама тарихта алғаш рет әлем чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды. Командада 3 қызылордалық өнер көрсетіп, тарихи жеңіске қол жеткізуге септігін тигізді. Жалпы, Ел құрамасы топтық кезеңді тамаша түйіндеп, жартылай финалға шықты. Жартылай финалда Иранға жол берген қазақстандықтар үшінші орын үшін өткен кездесуде Бразилияны 3:2 есебімен ұтты. Команданың екі мүшесі жарыстың үздік ойыншысы атанды. Соның бірі сыр спортшысы Шыңғыс Медеуов. Ол «Үздік либеро» номинациясын иеленді. Әлем чемпионатынан олжалы оралған спортшыларды әуежайдан қарсы алу сәті де есте қаларлықтай. 


 Джакартада боксшылдарымыздың асығы алшысынан түсті. Жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының жеңімпаздарын да қызылордалықтар сән-салтанатпен қарсы алды. Бұл байрақты бәсекеге Қызылордадан қос спортшы аттанған болатын. 80 келіде Зарина Толыбай алтыннан алқа тақса, 90 келі ауыр салмақта Аслан Елдібайұлы ел қоржынына қола жүлде салды. Сонымен қатар, Ташкентте жасөспірімдер арасында өткен Азия чемпионатында Аян Бауыржанұлы 70 келі салмақ дәрежесінде топ жарып, алтын медальға қол жеткізген болатын. Спортшыларды күтіп алу рәсімінде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы спортшылар мен бапкерлерге арнайы ақшалай сертификаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.