#qyzylordatv 

Бүгін Үкімет отырысында отандық автокөлік жасау саласының қазіргі жағдайы мен келешектегі даму перспективалары қаралды. Жиында Премьер-министр Олжас Бектенов жеке автокөлік брендтерін қалыптастыру бағытындағы жұмыстың маңыздылығын атап өтті. Селектордан соң облыс әкімі Мұрат Ергешбаев күн тәртібінде көтерілген мәселе бойынша арнайы мәжіліс өткізіп, өңірдің автомобиль жасау өндірісіндегі бастамаларға тоқталды.


 Бұған дейін Мемлекет басшысы Үкіметке елімізді орнықты дамыту бағытында жүйелі жұмыстарды жалғастырып, ұлттық экономика құрылымын нығайтуды тапсырған болатын. Сондай-ақ, өңдеу өнеркәсібін дамытып, оның ішінде отандық машина жасау саласын қолдау жөнінде нақты міндеттерді жүктеді. Облыста толық циклді автомобиль шығаратын кәсіпорын болмаса да, жүк вагондарын жөндеу және қосалқы бөлшектер өндіруде тиісті жұмыстар өз деңгейінде атқарылып келеді. Мәселен, сала кәсіпорындары биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 12 млрд теңгеге қызмет көрсетіп, өсім 10 пайызды құраған.


 МҰРАТ ЕРГЕШБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ 

 Келесі міндетіміз – жөндеу жұмыстарынан өнеркәсіптік өндіріс деңгейіне көшу. Бұл бағыттағы маңызды жобалардың бірі – Қызылорда қаласындағы «Марал Нұр» серіктестігінің вагондарды жөндеу және алдағы уақытта заманауи жолаушылар вагондарын құрастыру жобасы іске асырылуда. Сонымен қатар, Арал ауданындағы «Дара Мото» инвестицимялық жобасы өңірде алғаш рет мотоциклдер мен мопедтерді құрастыруға мүмкіндік береді. Бұл жобалар өңір экономикасын әртараптандыруға және экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталған.


Өңірде машина жасау саласына қажетті кадрлар Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен Исатай Әбдікәрімов атындағы аграрлық-техникалық колледжі базасында даярланып келеді. Түлектер бүгінде көлік, логистика, техникалық қызмет көрсету және теміржол саласындағы кәсіпорындарда қызмет етуде. Ендігі мәселе – осы салаға жаңа инвестициялық жобаларды тарту. 


 МҰРАТ ЕРГЕШБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ 

 Облыстық кәсіпкерлік басқармасы, қала және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, өңдеу өнеркәсібі мен машина жасау саласына жаңа инвестициялық жобаларды тарту жұмыстарын күшейтсін. Қала және аудан әкімдіктері, өз аумақтарындағы кәсіпорындардың өндірістік жүктемесіне тұрақты мониторинг жүргізіп, өндіріс көлемінің төмендеуіне жол бермеу бойынша нақты шаралар қабылдансын. Арал ауданының әкімдігі, «Тоғыс-Аралотын» серіктестігінің «Дара Мото» мотоцикл құрастыру зауыты жобасын мерзімінде іске асырылуын қамтамасыз етсін. Облыстық кәсіпкерлік басқармасы, Қызылорда қаласының әкімдігімен бірлесіп «Марал-Нұр» серіктестігінің вагон құрастыру зауыты жобасының екінші кезеңін іске асыруды бақылауға алып, инвестормен және тиісті мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды күшейтсін.


Мәжілісте күн тәртібінен тыс дала өртінің алдын алу мәселесі қаралды. Қолда бар мәліметке сүйенсек, былтырғы жылдың қорытындысымен аумағы 435 гектарды құрайтын 20 өрт жағдайы тіркелсе, биыл 6 айдың ішінде орман қоры жерлерінде көлемі 467 гектарды құрайтын 24 өрт оқиғасы орын алған.


 ЖАСҰЛАН ТҮЙМЕНОВ – ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ 

Қазіргі таңда тиісті мемлекеттік органдарды қатыстыра отырып 17 мобильді топ құрылды. Құрамында 158 адам бар. Мобильді топпен 180-нен аса рейдттік жұмыстар атқарылды. Сонымен қатар, БАҚ арқылы үлкен түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. 4240 шақырым құрайтын минералды жолақ жаңартылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, өрт оқиғасы тоқтады. Соңғы өрт оқиғасы 25 мамырда орын алды. Жалпы орын алуы мүмкін өрттерді сөндіруге күш құралдар жеткілікті.


 Мұрат Нәлқожаұлы өз кезегінде орман және дала өрттерінің басым көпшілігі адамдардың немқұрайлық әрекеттерінен, қарапайым ережелерді сақтамауынан туындайтынын атап өтіп, қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, жиында аймақ басшысы байланыс желілерінің жай күйіне қатысты қала және аудандарда жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесінде бірқатар кемшіліктер анықталғанын атап өтіп, мекеме басшыларына қысқа мерзімде қалпына келтіруді тапсырды.