Жерде емес, жүректе өскен гүлдер
#qyzylordatv
Сырда солмайтын гүл бар, десем, сенер ме едіңіз? Оны жерге емес, жүрекке егіп өсіреді екен. Қала тұрғыны Ләззат Бақытжанқызы алып гүлдерді қолмен пішіп, төңірегін түгел иранбаққа айналдырыпты. Аядай жерде айдай дүние жасап жүрген ісмердің шеберханасында біздің түсіруші топ та болып қайтқан еді, сюжет көрейік.
Ләззат Бакиева бастауыш сынып мұғалімі. Бұл салада толайым табысқа жеткен маман. Жан әлемі әсемдікке құштар ұстаз қолы қалт еткенде осылай ісмерлікпен айналысады екен. Басында жәй қызығушылықтан басталған дүние бара-бара келісті кәсіпке айналған. Бүгінде кейіпкеріміз жасаған гигант гүлдер қаладағы мерекелік кештер мен той-думанның нағыз нышанына айналып отыр.
ЛӘЗЗАТ БАКИЕВА – ІСМЕР
Гигант гүлдер қоғамда тренд болып жатқан дүниенің бірі. Кез-келген тойхана болсын, сауда орындарында адамдардың бірден осыған назары ауады. Осы арқылы адамдар суретке де түскісі келеді... Кез-келген нәрсеге маған балаларым мотивация. Сол балаларымның тойларына деп осы гигант гүлдерді бастадым
Декоративті гүлдердің бәрі түгелдей қол күшімен жасалады. Мұның әр бөлігін келісті келтіру үшін икем керек. Ал кейде иліккен икемнің өзі жеткіліксіз. Мың түрлі моншақтан мөлдір дүние жасау – нағыз шыдамдының ісі. Мәселен, бір гигант гүлді пішіп, тамырына түсу үшін кемінде бір тәулік уақыт кетеді екен. Бір сөзбен, сабырың сыналар сәт бұл. Ал жарқыраған жауһар дүние шықса, барлық шаршағаным ұмыт болады, дейді ісмер.
ЛӘЗЗАТ БАКИЕВА – ІСМЕР
Адамға қуаныш сыйлайды, көңіл-күйін көтереді. Кез-келген жерді ертегі әлемге айналдырады деуге болады, атмосфераны өзгертеді. Сол үшін адамдарға көбірек қуаныш сыйлау үшін, сол арқылы өзімнің қолөнерімді дамытып жатқан жайым бар
Мұндағы бір гүл, бір гүлге ұқсамайды. Әрқайсысының әлемі де, әлегі де бөлек. Кейіпкеріміздің қиялынан туған әсемдікке қарасаң, көз демалып, көңіл сергиді. Ләззат Бақытжанқызы әзірге ісмерлікті қызына үйретіп жүр. Ал алдағы уақытта мектептегі шәкірттеріне де осы істің қыр-сырын меңгертуді көздейді.
ЛӘЗЗАТ БАКИЕВА – ІСМЕР
Былай деп айтар едім, кез-келген адамның бойында белгілі бір қасиет, талант бар. Бірақ, көп адамдар ол талантты аша алмай қалып жатады...
Гигант гүлдер изолон, фоамиран, органза секілді сапалы материалдардан жасалады. Бұл кез-келген мереке мен фотоаймақтың немесе дүкен сөрелерінің сәнін кіргізетін көрнекілік. Кейіпкеріміз енді шаһарға шырай беретін декоративті дүниелер жасауды жоспарлап отыр. Осылайша аядай жерде басталған арманның аясы кеңейіп, гигант гүлдер қарыштаған қалаға да көрік бермек.