Байқоңырда тағы бір мектеп Қазақстанның білім беру стандартына көшті
Байқоңыр қаласындағы М.К. Янгель атындағы мектеп Қазақстанның білім беру жүйесіне ресми түрде енгізіліп, №298 мектеп мәртебесін алды. Бұл туралы «Qyzylorda» телеарнасы хабарлайды. Осылайша қаладағы Қазақстанның білім беру стандарты бойынша оқытатын мектептер саны алтыға жетті.
1970 жылы салынған төрт қабатты мектеп ғимараты жаңа оқу жылы қарсаңында толық жаңғыртылды. Білім ошағында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, заманауи құрал-жабдықтар сатып алынды және оқу кабинеттері талапқа сай жабдықталды. Нысанды аудан балансына беру және мектеп жарғысын тіркеуге қатысты барлық заңдық рәсімдер толық аяқталған.
Мектеп директорының міндетін атқарушы Жұлдыз Досболованың айтуынша, білім беру ұйымы 790 оқушыға арналған.
«Биылғы оқу жылы біз үшін ерекше. Мектебімізге 510 оқушы қабылданды, оның ішінде 40-ы – бірінші сынып оқушылары. Білім ордасында 41 мұғалім қызмет етеді. Оқу кабинеттері толық жабдықталып, барлық қажетті құралдар сатып алынды. Балалардың таза, жарық әрі жайлы сыныптарда білім алуына жағдай жасау үшін ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізілді», – дейді мектеп директорының міндетін атқарушы.
Оқушылардың ата-аналары мектеп ғимаратының жоғары деңгейде дайындалғанын және балалардың сапалы әрі жайлы білім алуына барлық жағдай жасалғанын атап өтті.
Қазіргі уақытта мектепте оқу үдерісі толыққанды басталды. Кітапхана мен спорт секциялары жұмыс істеп, оқушылар сабаққа кірісті.
Айта кетейік, бүгінде Байқоңыр қаласында Қазақстанның білім беру стандарты бойынша жұмыс істейтін 6 мектепке дейінгі ұйым бар.