Негізгі Жаңалықтар Тайлақ батырдың есімі ұлықталды

Тайлақ батырдың есімі ұлықталды

#qyzylordatv 

Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте ерлік көрсетіп, қазақ жерін жаудан қорғаған батыр Тайлақ Мәтіұлының туғанына биыл 333 жыл. Қармақшы ауданында тарихи тұлғаны таныту, есімін ұлықтау, ерлік ісін кейінгі ұрпаққа дәріптеу мақсатында тағылымды іс-шара өтті. 


 Қазақ тарихында ұлтарақтай жер үшін, егеменді ел үшін күрескен даңқты қолбасшылар мен батырлар аз емес. Солардың бірі - Тайлақ Мәтіұлы. Ол XVIII ғасырда жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте ерлік көрсеткен Кіші жүз жасақтарының әйгілі сардары, Әбілқайыр ханның сенімді серігі әрі кеңесшісі болған. Тарихи деректерге сүйенсек, Тайлақ батыр Ордабасы құрылтайы, Бұланты, Аңырақай шайқастарына қатысқан. Баба есімін ұлықтауға арналған шараға аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев қатысып, Тайлақ Мәтіұлының елдік жолындағы ерлік істерін дәріптеді. 


 Кеш барысында шараның өтуіне атсалысқан азаматтарға аудан әкімінің алғыс хаты мен мерекелік медаль табысталды. 


 Тайлақ Мәтіұлының 333 жылдығына арналған кеш «Батырлар институты: ұлттық рух пен құндылықтар сабақтастығы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға жалғасты. Тарихи тұлғаның өмірі мен ерлігін дәріптеуге арналған жиынға еліміздің бірқартар өңірінен белгілі зерттеуші-ғалымдар келіп, баяндама жасады. Тайлақ батыр туралы бұрын соңды айтылмаған, жазылмаған деректер мен дәйектерді көпшілік назарына жеткізді. 


 Батыр есімін ұлықтауға арналған шарада ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылды. Балуандар боз кілемде белдессе, білекті жігіттер қол күрестіріп, гір тасын көтерді, арқан тартып, күштерін сынады. Ал, еліміздің әр өңірінен келген садақшылар мергендігімен көзге түсті. 


 Бәйге десе делебесі қозатын ағайын мұнан соң жылқы жалына жармасқан шабандоздардың шеберлігі мен ауыздықпен алысқан арғымақтардың сыналатын сәті аламанды тамашалады. Бәйгеге көршілес өңірлерден де атбегілер келіп, құйрық жалы таралған тұлпарларын жарыс жолына қосты. 

Бөлісу

Аймақтық телеарналар