Негізгі Жаңалықтар «Қайсарға» қайсарлық жетпеді

«Қайсарға» қайсарлық жетпеді

#qyzylordatv 

Футболдан ел чемпионатының кезекті тур ойындары өтті. Жергілікті «Қайсар» өз алаңында Көкшетаудың «Оқжетпесімен» кездесті. Қызылордалық жанкүйерлердің өкінішіне орай, бұл ойында «қасқырлар» қайсарлық таныта алмады. 


 Құрамға мықты деген аяқдопшыларды қосып алған «Қайсар» Сырдағы кездесудің айқын фавориті саналды. Оның үстіне, ел кубогының финалына шығып, дала қасқырлары бұл ойынға керемет көңіл-күйде келген еді. Стадионға жиналған 7 мың жанкүйер де «Қайсардан» жеңіс күткені жасырын емес. Бірақ, көптің үміті бірінші таймда-ақ су сепкендей басылды. Алдымен көкшелік шабуылшы Оралхан Өміртаев қақпа алдындағы қарбаласты пайдаланып, бос тұрған қақпаға оңай гол соқты. 


Қанжығасы майланған қонақтар мұнан соң да қарқынын үдете түсті. Ал, ес жиып үлгермеген қайсарлықтар көп ұзамай тағы бір голды жіберіп алды. Нұрғайни Бөрібаев мергендігімен көзге түсіп, «Оқжетпесті» екі доп басымдығымен алға шығарды.


 Мұнан кейін алаң иелері бар-күш жігерін шабуылға салды. Қос қаптал арқылы жүйелі комбинациялар ұйымдастырып, қарсыласқа қысым көрсетті. Және бірінші таймның соңына таман «Қайсар» дегеніне жетті. Нұралы Жақсылықов турдың ең үздік голын соқты.


 Үзілістен кейін де ойын-өрнегі айтарлықтай өзгерген жоқ. Шеберлігі жоғары «Оқжетпес» аяқдопшылары матчта толықтай басымдыққа ие болды. Ал, қасқырлар қанша ұмтылғанымен азулы қарсыласына тісі батпады. Керісінше, қақпасына тағы да гол өткізіп алды. Бұл жолы көкшелік команданың украиналық қорғаушысы баспен керемет соққы жасап, есепті еселей түсті.


 Кездесу барысында «Қайсардың» гол соғатын тамаша мүмкіндіктері болды. Сондай сәттердің бірінде Рамазан Бағдат есеп айырмасын қысқартып, командаға үміт сыйлағандай болды.


 Қалған уақытта жергілікті команда таблодағы көрсеткішті түзетуге барын салғанымен «Оқжетпестің» қорғанысы сыр бермеді. Есеп 2-3 қонақтардың жеңісімен аяқталды. Ал, кезекті жеңілістен соң «Қайсар» футбол клубы бас бапкер Андрей Ферапонтовпен қош айтысты. Биылғы маусымда дала қасқырларының тізгінін ұстаған маман команданы өрге сүйрей алмады. Енді қайсарлықтар келесі ойынын 6 қыркүйекте сырт алаңда «Алтай» командасына қарсы өткізеді.

Бөлісу

Аймақтық телеарналар