Қоғам қайраткерінің есімі жаңғырды
#qyzylordatv
Әл-Фараби мөлтек ауданында қоғам қайраткері Нұрмақ Тоқмырзаевтың атына көше берілді. Ескерткіш тақтаның ашылу рәсімінде арда азаматтың ел игілігі жолында атқарған істері сөз болды.
Нұрмақ Тоқмырзаев 1933 жылы Сырдария ауданы, Сәкен Сейфуллин ауылында дүниеге келген. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінде білім алып, еңбек жолын Қазалы аудандық комсомол комитетінде нұсқаушы қызметінен бастаған. Кейіннен Қызылорда облыстық, қалалық партия комитеттері мен кеңес органдарында лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды. Салтанатты жиында сөз алғандар Нұрмақ Тоқмырзаевтың өнегелі ғұмырынан естеліктер айтты.
Нұрмақ Тоқмырзаев өмірінің соңғы жылдарында қалалық ардагерлер кеңесін басқарып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Шара барысында Нұрмақ Тоқмызраевтың есімін ұлықтау мақсатында арнайы белгі қойылды.
Бүгінде Әл-Фараби ауданы шаһардың шет аймағы саналмай, әлеуметтік нысандар бой көтеріп, көшелерді жөндеу жұмыстарына көңіл бөлініп келеді. Толықтай инфрақұрылым желілері жүргізілген Нұрмақ Тоқмырзаев атындағы көшенің тұрғындары үшін де қолайлы жағдай жасалған.