Негізгі Жаңалықтар Еске алу турнирі өтті

Еске алу турнирі өтті

#qyzylordatv 

Қаладағы №253 орта мектеп түлектері шағын футболдан өзара мықтыны анықтады. Бағлан Оспановты еске алуға арналған доп додасына 11 команда, 100-ге жуық ойыншы қатысты. 


 Бағлан Мұратұлы болашағынан зор үміт күттірген футболшының бірі болатын. Ол оқушылар арасында өтетін бәсекелерде командаластарымен бірге биік белестерді бағындырып жүрді. Өкініштісі, жасыл алаңда жарқырап көрінген жас өрен небәрі 16 жасында көлік апатынан көз жұмды. Енді тек қолдан келері Бағланның есімін дәріптеу, талантты қырын ізбасар інілеріне үлгі ету. 


 УӘЛИШЕР БӘКІР - ҰСТАЗЫ 

Өмірден жас кетті. Қазақта қыршын кетті дейді. Бүгін еске алу турнирі өткізгелі тұр. Өте жақсы, игілікті іс. Баршаңа алғысым шексіз. Себебі, бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай, бір жағадан бас шығарып, бәрің ұйымдасып, осы жерде жақсы істің жанында болғаныңа бәріңе алғыс білдіремін. 


 Бағлан Оспановты еске алуға арналған доп додасы биыл төртінші мәрте ұйымдастырылды. Жарысқа 1981 мен 2007 жылы туған түлектерден құралған командалар қатысты. Олар екі топқа бөлініп, өзара мықтыны анықтады. Топтан топ жарып шыққан төрт команда ақтық сында бақ сынады. Нәтижесінде, 1994 жылы туған азаматтар бірінші орынды жеңіп алды. Ал, екінші орынды 1993 жылғы азаматтардан құралған «Намыс» командасы еншілесе, үшінші орынды 1997 жылы туған жастардан жасақталған «Зере» командасы місе тұтты. 


 Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері қаржылай сыйақы және арнайы кубокпен марапатталды. 

Бөлісу

Аймақтық телеарналар