«Қайсар» қайсарлық таныта ма?
#qyzylordatv
Футболдан Қазақстан чемпионатының аяқталуына санаулы тур қалды. Әзірге жергілікті «Қайсар» турнирлік кестеде 24 ұпаймен 13-ші орында келеді және ел кубогының финалдық ойынына қатысады. Сонымен, дала қасқырларын қандай матчтар күтіп тұр? Жанкүйерлер қандай үміт артып отыр? Әріптесім Мақсат Кәрібай саралап көрді.
Биылғы маусымға мықты құраммен келген «Қайсар» үздік бестіктің қатарынан көріну межесін қойған еді. Бірақ, біріншілік барысында біраз сәтсіздікке бой алдырып, тіпті, қауіпті аймаққа дейін барды. Енді, ел чемпионатында 4 тур ойын көрсетіп, турнирлік кестедегі орынын нақтылайды. Атап айтқанда, 11-қазан күні өз алаңында Шымкенттің «Ордабасын» қабылдайды. Оңтүстік дерби жерлестерімізге оңайға түспесі анық. Өйткені, турнирдің көшін бастап келе жатқан шымкенттік ұжым «Қайсар Аренадан» 3 ұпай іліп кетуді көздеп отыр.
Одан кейін, 17-қазанда сырт алаңдағы «Жетісумен» ойын күтіп тұр. Көш соңында келе жатқан команда мен «Қайсардың» ұпайы шамалас. Сондықтан, жетісулықтар қайсарға қарсы жүйелі ойын көрсетіп, қауіпті аймақтын шығудың амалын іздейді.
25-қазанда елордада «Астанаға» қарсы өтетін матч та жерлестеріміздің күш-қарқынын сынамақ. Қазір «Астана» үздік үштікті түйіндеп тұр. Десе де, өкшелеп келе жатқан Оқжетпес, Ақтөбе ұжымы барда елордалықтар қызылордалықтарға қарсы ойында арқаны кеңге салмайтыны белгілі.
Ел чемпионатын «Қайсар» сырт алаңдағы «Жеңіске» қарсы ойында қорытындылайды. Матч 31-қазанға жоспарланған. Қасқырлар үшін бұл кездесу кубоктық бәсекенің финалалды ойыны болмақ. Сондықтан, «Жеңіс» жерлестеріміздің жігерін жанитын жақсы қарсылас болғалы тұр.
«Қайсар» үшін шешуші ойын 7-қарашада «Астанада» өтеді. Ел кубогының финалында түз тағылары «Ордабасымен» күш сынасады. Тартысты додаларда «Қайсардың» бағы мен бабы қатар шапсын дейміз.