Негізгі Жаңалықтар «Теңізкешкен Төлеген» атты кітап жарық көрді

«Теңізкешкен Төлеген» атты кітап жарық көрді

#qyzylordatv 

Руханият әлемінен және бір ақпар. Биыл белгілі журналист, қарымды қаламгер Қази Данабаевтың туғанына – 75 жыл. Сыр перзенті небәрі 56 жыл ғана ғұмыр кешсе де, шығармашылық шырағымен артынан өшпес із қалдырды. Біртуар азаматтың мерейтойына орай «Теңізкешкен Төлеген» атты ғұмырбаяндық эссе жинағы оқырман қауымға қайта жол тартып отыр. Мазмұнды туынды турасында тілшіміз тарқатсын.    


 Шыны керек, тілшілік тіршілікте жүріп шығармашылығы жұтаған жазарман көп. Ал, Қази Данабаев ақпарат майданында жүріп-ақ, ақ параққа талай кесек дүние жазды. Кейіпкерлері көктен іздеген жоқ, көптен іздеді. Қарапайым қоңыр тіршілік кешіп жүрген еңбек адамдары Қази аға қаламында басқаша түрленетін. Мәселен, кезекті жинаққа арқау болған Төлеген Құлекенов теңіз жағалай жүріп-ақ, өнеге өндірген қария. Ғұмырбаяндық эсседе осы үлгілі жанның болмысы арқылы тұтас кезең шындығы көрсетілген. 


 Бұл кітап әуелде «Асыл тек» деген атаумен жарыққа шыққан еді. Енді міне фольклортанушы Берік Мырзалыұлының жан-жақты зерделеуімен оқырманға қайта жол тартып отыр. «Теңізкешкен Төлеген» атты кітапта Қази Данабаевтың ғұмырбаяндық эссесімен қатар, кейіпкер туралы өзге де тың деректер қамтылған. Облыстық кітапхана төрінде өткен жиында Сыр перзентінің қаламгерлік қалпы айтылып, мазмұнды жинақтың тұсауы кесілді.


 Қарақұмнан шыққан қарымды қаламгер Қази Данабаев осылай талай еңбек адамының мәртебесін өсірді. Оның «Ақ жалау», «Қазанбай», Ауыл айшықтары» секілді әңгімелері әлі күнге дейін жұрт іздеп оқыр шығармалар қатырында. Бастысы ол өзі өндіріп жаза отырып, өзгелерге де өнеге көрсете білді. Бүгінде аймақтағы аға буын журналистер Данабаевтың даналығынан тәлім тергенін мақтан етеді.    


Осылайша біртуар қаламгер Қази Данабаевтың ерекше еңбегі жаңаша нұсқада оқырманға қайта жол тартып отыр. Айта кетейік, аталмыш кітапты көпшілік Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық кітапханадан алып, оқи алады. 


Бөлісу