Отбасылық квест өтті
#qyzylordatv
Президент паркінде отбасылық квест өтті. «Бақыттың кілтін тап» ұранымен өткен жарысқа түрлі сала мамандары қатысып, салауатты өмір салтын ұстанған жанұялар анықталды.
Облыстық психологиялық қолдау орталығы ұйытқы болған квест сайысында 5 отбасы сынға түсті. Қатысушылар 8 кезең бойынша бақ сынады. Жарыс ережесіне сәйкес балалар мен ата-аналар алдымен арнайы картаның көмегімен саябақ ішінде жасырынған бөтелкені тауып, ішіндегі сөзжұмбақтың жауабын іздеді. Мұнан кейін, суреттердің қиындыларын құрастырып, мақал-мәтел айтты. Ал шешуші сайыста қатысушы жанұялар арнайы ойыншықты құрастырып, түрлі кедергілер арасымен жылдамдыққа жүгірді. Тартысты дода соңында барлық қатысушыларға арнайы алғыс хат пен медаль және естелік сыйлықтар табысталды. Жалпы бұл күні сайысқа қатысушылар тек бой сергітіп қана қоймай, отбасы ұйымшылдығын қалыптастырып, ауызбіршілігін арттырды. Ұйымдастырушылар мұндай шараларды алдағы уақытта жиі өткізіп тұруды дәстүрге айналдырмақшы.
ЖҰМАГҮЛ БАЯНОВА – ОБЛЫСТЫҚ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Бұл сайыс отбасының бірлігін нығайтуға, ынтымағын бекітуге және де біздің ең бірінші мақсатымыз балалардың ата-анасымен өткен ең тәтті сәтін есінде сақтап қалу сынды дүниелерді дамыту. Біз бұған дейін отбасылық форумдар, алаңдар өткізіп жүрміз. Ал бұл орталықтың алғашқы квесті деп айтсақ болады. Балалармен таза ауада бір жағынан салауатты өмір салтын насихаттау, екіншіден бос уақытты тиімді өткізу.