Негізгі Жаңалықтар Облыс әкімі коммуналдық мекемелердің қысқа дайындығын тексерді

Облыс әкімі коммуналдық мекемелердің қысқа дайындығын тексерді

#qyzylordatv 

Облыс әкімі қала аумағындағы бірқатар коммуналдық және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, олардың қысқы кезеңге әзірлік барысын пысықтады. Мемлекеттік органдар мен жауапты мекемелер алдына қойылған басты міндет - қыс мезгілінде тұрғындарды электр энергиясымен, жылумен және ауызсумен тұрақты әрі үздіксіз қамтамасыз ету. Осыған байланысты Мұрат Ергешбаев жауапты сала басшыларына жылыту маусымын штаттық режимде, еш іркіліссіз өткізуді және барлық нысандардың толық дайындығын қамтамасыз етуді тапсырды.


Аймақ басшысы алдымен «ҚАЖ сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі облыстық филиалының базасына барып, қысқы дайындық жұмыстарымен танысты. Бұл мекеме облыс аумағындағы республикалық маңызы бар «Қызылорда-Жазқазған» және «Қарабұтақ-Шымкент-Қызылорда» автожолына қызмет көрсетеді. Мекеме басшылығы қысқы күтіп-ұстау, қар тазалау жұмыстарына қажетті техникалар дайын, инертті материалдар қоры жеткілікті екенін айтады. 


 Облыс әкімі мұнан соң төтенше жағдайлар департаменті, жедел медициналық жәрдем стансасы және «Қызылорда электр тарату тораптары» компаниясының қысқа әзірлігін көрді. Бүгінгі күні департамент пен оның құрылымдық бөлімшелерінде 902 қызметкер жұмыс істейді. Өрт сөндіру бөлімдерін негізгі және арнайы техникамен жабдықтау масқатында жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, қосымша 20 техника сатып алынуда. Мұнан бөлек, қаланың сол жағалауында заманауи өрт сөндіру депосы мен авиациялық техникаға арналған ангар салу жоспарланып отыр. 

     Ал, жедел жәрдем стансасына келсек, мекемеде мыңнан астам маман жұмыс істейді. Тұрғындарға 70 жедел медициналық жәрдем бригадасы қызмет көрсетеді. «Қызылорда электр тарату тораптары» компаниясыда тозығы жеткен электр сымдарын жаңартып, халықты жарықпен үздіксіз қамтудың қамын жасап жатыр. Мәселен, биыл 16 шақырым әуе желісі мен 27 дана қосалқы станциясына жөндеу жұмыстарын жүргізген. 


 «Қызылорда тазалығы» мекемесі қызметкерлерінің де еңбегі елеулі. Облыс әкімі жаздың аптап ыстығы мен қыстың қытымыр аязында уақытпен санаспай жұмыс істейтін тазалықшыларға да алғаусыз алғысын білдірді. 


 Қала аумағында санитарлық тазалық, абаттандыру, көркейту, көгалдандырумен айналысатын мекемеде қазір 543 адам жұмыс істейді, 219 техника бар. Кәсіпорынның қысқы маусымға дайындығы жақсы, техникаларын сайлап, белді бекем байлап, құм мен тұзды жинап қойған. 

Бөлісу