Қазақстан экспорты импортқа қарағанда 4,5 есе жылдам өсуде
#qyzylordatv
Экономика жаңалықтары. Қазақстан экспорты импортқа қарағанда 4,5 есе жылдам өсуде. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша сыртқы сауданың оң сальдосы екі есеге жуық ұлғайып, 20 миллиард доллардан асты.
Биылғы тоғыз айда еліміздің экспорты 18,1 пайызға өсті. Ал импорт небәрі 4 пайызға артты. Сыртқы сауда айналымы 116,8 миллиард долларға жетті. Оның 68,4 миллиарды – экспорт, 48,4 миллиарды – импорт. Нәтижесінде сыртқы сауданың оң сальдосы 20,1 миллиард долларды құрады. Бұл былтырғыдан 8,7 миллиард долларға көп.
Шикізаттық емес экспорт 24,7 миллиард долларға жетіп, жалпы экспорттың 36 пайызын құрады. Мыс, уран мен күміс экспорты артты. Бұған әлемдік бағаның қымбаттауы да әсер етті. Агроөнеркәсіп өнімдерінің тек құны емес, көлемі де өсті. Шетелге 6,2 миллион тонна бидай жөнелтілді. Күнбағыс майы мен жемшөп экспорты 50 пайыздан астам артты. Импортта өндірісті жаңғыртуға арналған жабдық көбейді. Электр генераторларын, газ турбиналарын және локомотивтерді сатып алу айтарлықтай өсті.
Ал жеңіл автокөлік импорты 21 пайызға қысқарды. Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі болып қала береді. Қытай, Ресей және Италияның үлесіне сыртқы сауда айналымының жартысынан астамы, яғни 52 пайызы тиесілі.