Рамазан Жетібаев - Қалжан ахун ауылындағы жеке шаруашылықтың иесі. Бағбан биыл 2 гектар жерге голландиялық ақ картоп пен жергілікті қызыл картоп екті. Онан үш жүз қаптың үстінде өнім алды. Еңбектің нанын жеп жүрген тәжірибелі шаруа жәрмеңкеге 2 тонна картоп әкелді. Онан бөлек, аудан халқын қызанақ, қызылшаға қарық қылды.
Рамазан Жетібаев – шаруашылық иесі
Тереңөзек төріндегі берекелі жәрмеңкеге ауыл дәмі 50 көлікпен әкелінді. Басты дәнді дақыл ақ күріштен бастап көкөніс, жеміс, бақша дақылдарының түр-түрі саудаға қойылды. Қыстық қамын ойлаған халық қызу саудадан өз үлесін алмақ болып, қоржынын толтырып әлек. Жер ана берген несібеден дәм тату – жәрмеңкеге жиналғандардың ізгі мұраты. Асқабақ болсын, қарбыз болсын – адам денсаулығына пайдалы бақша дақылдары. Дәруменге толы өнімдердің сырттан әкелінгенінен гөрі, жергілікті Сыр жерінде бапталып өскенінің дәмі татымдырақ, сапасы күштірек болары анық. Сондықтан, тұтынушылар Айдарлының бақша дақылдарына алуға асықты.
Ергешбай Беков – шарушалық иесі
Күріш демекші, егіні бітік шыққан сырдариялықтардың жәрмеңкесіне 19 тонна Сыр салысы әкелінді. Және дәнді дақыл – өтімді өнімдер қатарынан көрінді.
Нұрбек Әзірбек – аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы
Жалпы, Сырдария ауданы бойынша биыл 20 мың 874 гектарға күріш дақылы егіліп, орташа есеппен гектарынан 53 центнер өнім алынды. Ауданның ауыл шаруашылығы саласына 1 миллиардтан астам теңге инвестиция салынды. Өңір еңбекккерлері алдағы көктемгі дала жұмыстарының негізін бүгіннен бастап қолға алған. Сапасы жоғары 5180 тонна күріш тұқымының қоры әзірленіп, 8 мың гектар сүдігер айдалды. Қысқа қажетті мал азығының қоры да жасақталды. Мал шаруашылығын өрістетуге арналған тірлікте де жақсы нәтиже бар.
Ғанибек Қазантаев – Сырдария ауданының әкімі
Дән мен әннің дәстүрлі салтанатында еңбек озаттары марапатталды. Үздік кооператив номинациясы бойынша «Ақжарма инвест» кооперативі жеңіс төрінен көрінді.
Мақсат Болатов – «Ақжарма инвест» ауылшаруашалық өндіріс кооперативінің басқарма төрағасы
Ал «Мәди қажы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2500 гектар күріштің әр гектарынан 50 центнерден өнім жинағаны үшін үздік шаруашылық аталымы бойынша екінші дәрежелі диплом мен бағалы сыйлыққа ие болды.
Сейтқамал Сұлтанов – «Мәди қажы» ЖШС директоры
Марапаттың төріне шыққандар арасында сыйлықтың бағалысы ауыл шаруашылығы саласының білікті маманы, зейнет жасындағы тәжірибелі агроном Кенжебек Әнәпияұлына берілді. «Бесарық» серіктестігінің агрономына жеңіл автокөлік кілті табысталды. Сондай-ақ, өз ісінің шебері «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен келісімге отырып, шағын шаруашылықтарға тегін кеңес беріп игілікті іске ұйытқы болғаны үшін палатаның Алғыс хатына ие болды.
Кенжебек Әнәпияұлы - «Бесарық» ЖШС агрономы
Сырдарияда еселі еңбектің мәуелі шағы осылайша аталып өтті. Қамбаны астыққа толтырған диқанның да, берекелі шаққа аман жеткен бұқараның да көңілі тоқ.
Ш.Исабекова