Бүгін қалалық мәслихат депутаттары Тасбөгет және Белкөл кенттерінде болып, бірқатар нысанды аралады. Алдағы сессия отырысында халық қалаулылары кент әкімдерінің есебін тыңдайды. Сондықтан түйткілді мәселелерді көзбен көріп, тұрғындармен тілдесу оларды оңтайлы шешуге мүмкіндік бермек.

Сәбира Майқанова атындағы мәдениет үйі 1989 жылы пайдалануға берілген. Ғимаратқа 2014 жылы күрделі жөндеу жүргізіліпті. Тұрғындар мен сала өкілдері нысанның қасбетіне толықтай заман талабына сай күрделі жөндеу қажет деп санайды. Тозығы жеткен тұстары жетерлік. Депутаттар аралау барысында ғимараттың жай-күйіне қанықты. Кездесуде көпшілік бұрынғы орталық мәдени демалыс паркінің аумағында пайдаланылмай бос жатқан жер телімін абаттандыруды ұсынды.

  Тағы бір өзекті мәселе - емхана жайы. 40 мыңнан астам халыққа қызмет көрсететін №4 қалалық емхана 1984 жылы пошта қызметіне арналып салынған ғимаратта орналасқан. Қолданыстағы нысан құрылыс нормаларына сәйкес келмейді.

Мұнан кейін депутаттар Белкөл кентіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің жағдайымен танысты. Бұл баспана 1988-1990 жылдары пайдалануға берілген. Мыңға тарта тұрғын қоныстанған үйлерді жаңғырту мәселесі әлі өзекті болып отыр.

Аралау барысында депутаттар Белкөл кенттік клуб үйінде болды. Ғимарат сауда үйі ретінде салынған. Клуб қызметкерлері ауыз су жүргізу, жылжымалы LED-экран алу қажеттігін жеткізді. Кездесуде көтерілген барлық ұсыныстар кезекті сессияда қаралмақ.