Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, күйші- домбырашы Айгүл Үлкенбаева Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің студенттеріне шеберлік сабағын өткізді. Ал, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында білім алатын шәкірттері концерт қойып, білім алушыларды ұлттық өнермен сусындатты.

Айгүл Үлкенбаева - қос ішекті қара домбыраның үнімен халқының жүрегін тербеген талант иесі. Оның әрбір шеберлік сабағы – еркін әңгіме, шынайы тәжірибе. Сондықтан, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің студенттері дәріске зор құлшыныспен қатысты. Жас өнерпаздар домбыраны дұрыс шерту, күйді сөйлету, айтатын ойын жеткізе орындау тұрғысында шеберліктерін шыңдады. Ал, дәріс соңында Айгүл Үлкенбаева өзінің шығармалар жинағының топтастырылған аудио, видео нұсқаларын сыйға тартты.

Тағылымды іс-шара Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында білім алатын студенттердің шығармашылық кешіне ұласты. Күй – құлақ құрышын қандыратын әуен ғана емес, ол ұлттық болмысымыз, рухымыз, тарихымыз. Айгүл Үлкенбаева сынды ұстаздардың тәлімімен күйшілік өнер қанатын кеңге жайып келеді. Бұл іс-шара соның айғағы.