Өнер үндескен шығармашылық шара. Облыстық филармония әншісі Мақсат Мақұлбеков пен дирижер Руслан Балмасов бірлесіп, Сыр жұртшылығына ерекше кеш сыйлады. Ерекшелігі сол, «Туған жер» деп аталған әуезді кеште барлық туындылар оркестрдің сүйемелдеуімен жанды дауыста орындалды. Дарынды дирижер мен дегдар әншінің келелі кеші турасында тілшіміз сабақтайды.

Әннің де естісі бар, есері бар. Мақсат Мақұлбеков пен Руслан Балмасов Сыр өңірінде сол саналы әннің салтанат құруына үлес қосып жүрген жандар. Бірі классикалық шығармаларды шырайын келтіріп орындаса, екіншісі еппен сүйемелдеп, әрбір аспаптың тынысын бақылайды. Мизам музыка әуелеген келелі кеште замандастардың өнер сабақтастығы айқын сезілді.

Сырдың қос перзентінің өнер жолы ұқсас. Екеуі де ең алғаш облыс орталығындағы музыкалық колледжде білім алыпты. Содан соң асқақ арман арқалап Алматыға аттанған. Онда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында шеберлік шыңдап, өскен өлкенің өнерін өрістетуге қайта оралған. Содан бері облыстық филармонияда қанаттаса еңбек еткендеріне 15 жылға таяпты. Таланты теңіз, өнері егіз жандар шығармашылық кештің атауын «Туған жер» деп қоюы сондықтан.

КЕУЛІМЖАЙ БОТАБАЕВ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ

"Мақсат – өзіміздің оқушымыз. Руслан да – өзіміздің шәкіртіміз. Гобой деген аспап бар, өте сирек аспап. Әр облыста кездесе бермейді. Соның маманы – осы Руслан. Өте жақсы білім алған жастар. Осындай жастарды қолдау керек деп ойлаймын. Мақсат өзінің жаңа қырынан көрініп жатыр, жаңа әндері шығып жатыр. Жастар өсе берсін."

Концерт барысында қазақтың дәстүрлі әуендерімен қоса, әлемдік классикалық туындылар орындалды. Сахнадағы кәсіби әншілердің шеберлігі оркестрдің әуезді үнімен үйлесіп, көрерменге ерекше әсер сыйлағаны анық. Айта кетерлігі, бұл шығармашылық шарада кеш иелерімен қатар, халықаралық конкурстардың лауреаты Ақылбек Табынбаев та өнер көрсетіп, көпшіліктің қошеметіне ие болды.

Осылайша, 40 жаста қамал алуға бекінген дарынды дирижер мен дегдар әнші Сыр жұртшылығына естен кетпес әсер сыйлады.