Биыл «Шаған» агрофирмасының негізін қалаған білікті маман, ауыл шаруашылығы саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері Қожабек Дәдікбайдың туғанына 70 жыл. Осыған орай Сырдария ауданында туған жерді түлетіп, өсіп өркендеуіне үлес қосқан арда азаматты еске алуға арналған жазба ақындар мүшәйрасы өтті. Сондай-ақ волейболдан турнир ұйымдастырылды.

Қожабек Кенжебекұлы туған жері Шағанның дамуына, шағын ғана ауылдың елімізге танылуына айрықша үлес қосқан нағыз еңбек адамы. Алғаш еңбек жолын Алматыдағы Қазақ ССР Автомобиль жолдары министрлігінің басқармасында инженерліктен бастаған ол тәжірибе жинап, білікті маман атанды. 1982 жылы елге оралып, «Шаған» совхозында инженер, бригадирдің көмекшісі болып жұмыс істеді. Ауыл баласының еңбегі еленіп, аудандық партия комитетіне жауапты қызметке шақырылды. Өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарған Қожабек Дәдікбай тәуелсіздік алған жылдары аудандық ауыл шаруашылығы бөлімін басқарды, өндірістік-техникалық кооперативінің бас инженері, басқарушысы болды. Ал, 1994 жылы «Шаған» агрофирмасының жұмысын ұтымды ұйымдастырып, шаруашылықтың тасын өрге домалатты. Атап айтсақ, шетелден жаңа технология әкеліп, сүт өңдейтін, макарон өндіретін, балмұздақ шығаратын шағын цехтар іске қосқан.

Қиын кезеңде жоқтан бар жасап, қолдағыны ұқсата білген, шағын ғана Шаған ауылын елімізге танытқан Қожабек Дәдікбайдің бұл еңбегі еленіп, «Құрмет» орденін алды. Мүшәйраға қатысқан ақындар Қожабек Кенжебекұлының елге сіңірген еңбегін жырға арқау етіп, арнау өлеңін оқыды. Аудандық жазба ақындар мүшәйрасына 11 талапкер қатысты. Соның ішінде Ақжарма ауылынан келген жыр жүйрігі Айтмағамбет Темірханов бас жүлдені жеңіп алды.

Шаған ауылында Қожабек Кенжебекұлын еске алуға арналған дәстүрлі волейбол турнирі ұйымдастырылды. Тоспадоп бәсекесіне ауданға қарасты елді мекендерден сегіз команда қатысып, тартысты ойын өрнегін көрсетті. Нәтижесінде, барлық қарсыласын айқын басымдықпен жеңген Амангелді ауылының спортшылары жарыс жеңімпазы атанды.