Арал ауданында алғаш рет көркем гимнастикадан «Наурыз кап-2026» ашық турнирі өтті. Жібектей нәзіктік пен икемділікті қажет ететін ерекше сайысқа жүзге жуық спортшы қатысты.

Арал қаласының тұрғыны Жансая Бисенбаева ауданда алғаш болып көркем гимнастика мектебін ашты. Қазір мұнда сексенге жуық жас спортшы тәрбиеленуде.

ЖАНСАЯ БИСЕНБАЕВА, АРАЛ КӨРКЕМ ГИМНАСТИКА МЕКТЕБІНІҢ БАС ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ

"Мектебімізге 3-12 жас аралығындағы спортшылар қатысады. Республикалық, халықаралық турнирлердің жүлдегерлерін және өз деңгейінде разрядтық спортшыларды тәрбиелеп жатырмыз. Атап айтсақ, Бакуде, Ташкентте өз өнерлерін көретіп, жүлделі бірінші, екінші орындарды иеленді."

2013-2020 жылы туған жасөспірімдер арасындағы көркем гимнастика турниріне Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарынан 95 спортшы қатысты. Сұлулық пен шеберлік үйлескен спорттық сайыста талапкерлер сегіз жас ерекшелігі бойынша сынға түсті.

ДАНИЯР МАРЛЕНҰЛЫ, ЖАТТЫҚТЫРУШЫ

"Мені осы турнирге шақырғанына қуаныштымын. Астана қаласында жұмыс істегенмін. Қызылорда қаласына шақырды. Турнирге келетін болсақ жоғары деңгейде өтіп жатыр. Гимнастика мектебінің жұмысына ризамын және үнемі байланыстамын. Барлық қатысушылар жақсы дайындықпен келгені көрініп тұр."

Айару Жансерікқызының көркем гимнастикаға қатысып жүргеніне бес жыл болыпты. Тәжірибелі мамандардан тәлім алған жас гимнасшы әдемі қимыл, ырғақты қозғалыс және ерекше киім үлгісімен көрермен көзайымына айналды.

Жарыс соңында үздік өнер көрсеткен спортшылар анықталып, марапатталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы кубок пен медаль және естелік сыйлықтар табысталды.