Облыс орталығында таэквондодан республикалық ашық біріншілік басталды. Корей ұлтының қаһарманы, генерал Хон Бом Доны еске алуға арналған турнирде ел чемпионатына қатысуға мүмкіндік беретін жолдамалар сарапқа салынып жатыр.
Жеңістен үмітті жастың бірі – қызылордалық Диас Қойбасов. Ал, ақтөбелік ару Адина Есенжолова 46 келі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Жастар арасындағы Қазақстан біріншілігінің қола жүлдегері бұл жолы күміс медаль еншіледі. Биыл екінші мәрте ұйымдастырылған таэквондо бәсекесіне 9 облыстан 700-ге тарта спортшы қатысып жатыр. Ұлдар және қыздар арасындағы бәсекеде барлығы 40 салмақ дәрежесі бойынша жүлделі орындар сарапқа салынуда. Ерекшелігі сол, сайыста халықаралық стандартқа сай К2 қорғаныс жилеті мен шлемі қолданылып жатыр. Оның соққыны сезетін сенсорлары бар. Бұл соққы санын дәл есептеп, жарақаттың алдын алуға көмектеседі. Тағы айта кетерлігі жарыс олимпиадалық жүйемен өрбуде. Жеңгендері келесі кезеңге өтсе, жеңілгендері додадан шығып отырады. Сондықтан, әр жекпе-жек финалға пара-пар. Жарыс жексенбіге дейін жалғасады. Турнир қорытындысымен ең көп жүлде олжалаған команда жеңіске жетіп, арнайы кубок және қаржылай сыйақылармен марапатталатын болады.