Бүгін – Халықаралық театр күні. Қазіргі таңда елімізде алпыстан астам театр халыққа рухани-мәдени қызмет көрсетіп келеді. Солардың ішінде қазақ өнерінің қара шаңырағы Нартай Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының шоқтығы биік.

1955 жылы Талдықорған қаласында құрылған қазақ театрының шымылдығы Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтоқты» трагедиясымен ашылды. Ал, 1960 жылы Қызылорда қаласына көшіріліп, Нартай Бекежановтың аты берілді. Сыр өнерінің қара шаңырағында бүгінге дейін 400-ден астам спектакль сахналанып, театр ұжымы бекзат өнердің өрістеуіне үлес қосып келеді. Сондай-ақ, театр ұжымы республикалық-халықаралық деңгейдегі фестивальдерге қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Мәселен былтыр қазан айында Қырғызстан Республикасында өткен «ART-ORDO» халықаралық театр фестивалінің қорытындысы бойынша жүлделі бірінші орынға ие болса, Қостанай қаласында ұйымдастырылған «QITFEST» фетивалінде театр ұжымы Алтын жүлдеге қол жеткізді.

Сондай-ақ, өңірдегі жас таланттардың басын қосқан «Жастар театры» түрлі республикалық байқауларда топ жарып жүр. Ал, бүгін сағат 17:00-де көрермен назарына «Сезімді қайтейін?» атты музыкалық-лирикалық қойылымын ұсынбақ.