Тілші: Бұл спектакльде бар-жоғы үш актер ойнайды. Ерекшелігі сол - үшеуі де - басты кейіпкер. Орманшы, атақты дәрігер және оның тоқалы. Үшеуінің басынан кешкендері - бүгінгі қоғамның кескін-келбетін жасырмай, шынайы көрсетіледі. Оқиға желісі, атақты дәрігер- депутаттың тоқалымен бірге орманға саяхаттап келуінен басталады.
Бұл жұп - ашық аспан, таудан аққан бұлақ, көркем табиғаттың аясында таза ауамен тыныстап, демалысын мәнді өткізгісі келеді. Алайда, оқыстан омыртқасы ауырған дәрігер тұрып жүруден қалады. Айдала ну орманда ас-сусыз, аш күйінде түнеп шығудың өзі мұңға айналады. Дәл осындай қиын шақта қолұшын беруге тиісті орманшының оспадар қылығы екеуін де қатты таң қалдырады. Орманда жалғыз қалған жұбайларға қамқорлық танытпай, қайта бар байлығын сыпырып алған орманшы ем-домына дейін ақша сұрап ерлі-зайыптыларды әуре-сарсаңға салады. Ақырында, соңғы дәріге әйелін айырбастауды талап етеді.Ал, науқас дәрігер шыбын жаны үшін жан-жарын сатуға да келіседі.
Орманшы – опасыз емес екен. Бұл-дәрігердің өзінің ұмыт қалған жауыздығына алған жазасы болып шықты. Атақты дәрігер бұрын орманшының өлім аузындағы әйелін аман алып қалам деп алдарқатып, қырауар қаржы сұраған екен. Орманшы барынан айрылса да, даңқты дәрігердің дәл осы ашкөздігін кешіре алмаған.
Бақытбек Темірбеков – театр әртісі, мәдениет саласының үздігі
Тілші: Театрға келушілер «Махабат аралы» деген атауына қарап, алғашында жастық шақтың желігі, албырт сезімі жайлы спектакль деп ойлапты. Алайда, бұл психологиялық драманың мәні мүлдем тереңде болып шықты. Көрермендердің қойылымнан алған әсерлері ұшан-теңіз.
А. Қожақова, Б.Қожамұратов