Халқымызда: «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген аталы сөз бар. Бұл тәмсілдің мағынасы: әйел тек отбасының ұйытқысы ғана емес, сонымен қатар, еліміздің барлық салаларында ер азаматтармен иық тірестіріп жұмыс жасайтын қоғамың қозғаушы күші дегенді білдірсе керек-ті. Бұл сөзіміздің айғағы ретінде Шиелі ауданын алсақ болады. Себебі мұнда елдік мақсатта еңбек етушілердің тең жартысы әйелдер қауымы.
Тілші: Мерейлі мереке иелері алдымен аудан басшысының қабылдауында болды. Қайратбек Сәрсенбаев нәзік жандардың іскерлік белсенділігі жайлы айта келе, әйелдер қауымын көктемгі мерекелерімен шын жүректен құттықтап, жанұяларына бақ береке тіледі.
Қайратбек Сәрсенбаев – Шиелі ауданының әкімі
Тілші: Ауданда жамағатына қадірлі, жастарына үлгі көрсете білген жандар аз емес. Тоқсанның алтысына табан тіреген Еңбек Ері Шырынкүл Қазанбаева апамыздың ізін жалғап келе жатқан ақын Мәриям Жұматова мен әлеуметтік сала ардагері Ұлман Мәміреевалар да келелі жиында төбе көрсетті. Бабаның бұлақ дәстүрінен жаңылмаған аудан әкімі ардагер аналарды ардақтап, құрметтеп қамзол жапты. Көргені молдың әр лебізі өнеге.
Ұлман Мәміреева – еңбек ардагері
Тілші: Жалпы әйелдер қауымы қай салада болмасын өздерінің бірегейлігімен ерекшеленеді. Мәселен, Бақтыгүл Мұсағалиева денсаулық сақтау саласында 25 жылдан бері қызмет етіп, дүйім елдің ықыласы мен ілтипатына бөленіп жүр. Бүгінде еңбегінің еленіп, ескерілгенін жетекші маман мақтанып айтады.
Бақтыгүл Мұсағалиева – «Аудандық орталық ауруханасы» МКК бас дәрігерінің орынбасары
Тілші: Қазақ қашанда қызға төрден орын беріп, келінді инабаттың иесі, ананы шаңырақтың киесіне балаған. Ауылдағы ардақты аналардың бірі – Баян Нәлібаева. 7 құрсақ көтерген. Барлығын да қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген. Еңбектен де қол үзген емес. Отыз жыл ұстаздық өтілі бар. Айтпақшы, сонау 2009-шы жылы Ақтоған ауылдық округінен «Береке» балабақшасын ашқан да осы кісі. Бөбекжайы 60 орындық. Игі іске жаны құмар Баян Мәлібекқызы тұрмысы төмен 20 отбасының балаларын тегін тамақпен қамтамасыз етіп келеді.
Баян Нәлібаева – Батыр ана
Тілші: Мұнан әрі салтанатты жиын мерекелік концертке ұласты. Бұл күні шырқалған ән, айтылған сөз, биленген би де аналар жайлы. Және тек аналардың құрметіне. Мерекелік концерт барысында алтын құрсақты аналар «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталды. Сондай-ақ, түрлі салада қызмет етіп, әлеуметтік-экономикалық дамуға өлшеусіз үлес қосып жүрген нәзік жандарға облыс әкімінің алғыс хаты тапсырылды.
«Жақсылықты үш қайтара абзал анаңа жаса» деген Пайғамбар хадисінен тәлім алған халықпыз. Жұдырықтай жүрегіне жылылық пен ұлылық ұялатқан аналарымызды жылына бір рет емес, мың рет құттықтасақ та аздық етеді әрине. Ендеше, мерейлі мерекелеріңізбен, ардақты аналар!
Бекзат Есқалиев, Талғат Сыдықов