#qyzylordatv

Қалаға қарасты Жақыпбек Маханбетов ауылында Сырдария ауданының құрметті азаматы, «Еңбек Қызыл Ту» ордерінің иегері Өзбекбай Қалиұлының 90 жылдығына арналған облыстық ақындар айтысы өтті. «Еңбектің ерен тұлғасы» атты жыр додасына үш мәрте «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов бастаған айтыс ақындары қатысып, ақсуаттықтарға рухани азық сыйлады.

Өзбекбай Досмағанбетов саналы ғұмырын аймақтың ауыл шаруашылығы саласын дамытуға арнаған азамат. Қызылорда ауылшаруашылығы техникумын бітірген жас маман алғаш еңбек жолын Қараөзек кеңшарында агроном болып бастаған. 1965 жылы Сырдария ауданына қарасты Киров атындағы ұжымдық шаруашылықтың төрағасы болып сайланып, елдің еңсесін тіктеді, өңірді өркендетті. Бірнеше рет аудандық партия комитетінің пленум мүшесі, аудандық және ауылдық кеңестердің депутаты болды.

 МЕЙРАМБЕК ЕСЖАНОВ, ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ

 20 жылда осы совхозды басқарды. Ол кезде колхоз, одан кейін совхоз болды. Атақ даңқының арқасында Сырдария ауданының құрметті азаматығын алды...

 Төл өнерді төрге оздырған ақындар еңбек ардагері Өзбекбай Қалиұлының өмір жолы мен елге сіңірген еңбегін жырға қосты.

 Үш мәрте «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов пен «Күміс домбыра» иегері Бексұлтан Орынбасар орамды ой, сүбелі сөз айтып көрерменнің қошеметіне ие болса, Нұрмат Мансұр мен Ержан Әміров жезде мен балдыз арасындағы әдемі айтыс өрнегін көрсетті.

 Ұстаздықпен ақындықты қатар алып жүрген Ержеңіс Әбді мен талантты жас Нұрахмет Мансұр да көсіле шауып, көпшіліктің көңілінен шықты. Айта кету керек, Ақсуаттағы аламанда жеңімпаз анықталған жоқ. Ел алдында өнер көрсеткен барлық ақынға да бірдей құрмет көрсетіліп, қаржылай сыйақы берілді.