#qyzylordatv
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, эстрада әншісі Жеңіс Ысқақова 60 жылдық мерейтойы қарсаңында туған жеріне келіп, концерт берді. Сыр сахнасындағы шығармашылық кешке елімізге белгілі өнер иелері мен музыканттар қатысып, көрерменге тамаша тарту жасады.
Жеңіс Ысқақова қазақ ән өнерінің дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген ерекше дауыс иесі. Сыр топырағында туған талантты әнші «Сыр сұлуы», «Аяла сен мені», «Түңгі жаңбыр», «Ғажап ертегім», «Сен ғана» «Тылсым сезім» секілді ескі де есті әндерімен тыңдарман жүрегінен жол таба білді. Жеңіс Ермағанбетқызының өнер әлеміне қадам басып, киелі сахнада жүргеніне биыл – 40 жыл. Сондай-ақ 9 мамыр күні 60 жасқа толды. Өнер қайраткері өзінің мерейтойын туған жерінде атап өтуды жөн санапты. Шара барысында облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет мерейтой иесіне аймақ басшысының құттықтауын жеткізіп, ықылас гүлін табыстады.
Жеңіс Ысқақова туған жердегі шығармашылық кешіне Жұбаныш Жексенұлы, Жеңіс Сейдоллаұлы, Ғани Құлжанов және Ақтоты Болшова сияқты өнердегі достары мен әріптестерін ала келіпті.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Сейдоллаұлы мен Жеңіс Ысқақованың шығармашылық байланысы тоқсаныншы жылдары басталған. Бүгінде олар әріптес қана емес шынайы дос.
ЖЕҢІС СЕЙДОЛЛАҰЛЫ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ
Ол кезде мен ансамбльде ойнайтынмын, ал Жеңіс «Гүлдер» ансамблінің құрамында ән айтатын. Кейін шығармашылық байланысымыз басталды...
Шығармашылық кеш облыстық филармония жанындағы эстрадалық-симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өтті. Өнер ұжымына белгілі композитор, дирижер Илья Башкатов жетекшілік етті. Жанды дауыста ән тыңдап, рухани азық алған көрермен өнер иелеріне тік тұрып құрмет көрсетті.