#qyzylordatv

Мұрат Ергешбаев Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалуына байланысты Мәжілістегі депутаттық мандатын мерзімінен бұрын тапсырды. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, Мемлекет басшысының Жарлығымен мамырдың 8-і күні Мұрат Ергешбаев Қызылорда облысының әкімі қызметіне тағайындалды.

Осыған байланысты Орталық Сайлау Комиссиясы оның Мәжілістегі өкілеттігін тоқтату туралы ұсыныс енгізді. Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов депутаттың атқарған жұмысын атап өтіп, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.

Өз кезегінде Мұрат Ергешбаев Мемлекет басшысына көрсеткен сенімі үшін алғыс білдіріп, жаңа қызметте жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруға күш салатынын айтты. Сондай-ақ ол Мәжілістегі әріптестеріне бірлескен жұмысы үшін ризашылығын жеткізді.