Бүгінде қалада мемлекеттік аттестаттау жүргізілген 19 жеке балабақшаның 13-і аттестаттаудан өте алмады. Ал бір жеке балабақша құрылтайшының шешімімін жабылған. Облыс бойынша білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында бірқатар мәселенің бар екенін жеткізді. Бұл туралы "Qyzylorda" телеарнасы хабарлады.
Бүгінде қала және оған қарасты елді мекендерде 17 жеке мектеп пен 200-ден астам жеке балабақша жұмыс істейді. Қалалық мәслихат депутаттары алдымен Мансап мектебінде болды. Білім ордасында 532 оқушы оқиды. Дарынды балаларды бес бағыт бойынша дамыту көзделген. Сонымен бірге жеті үйірме жұмыс істейді. Ас мәзірімен танысып, ғимаратты аралаған депутаттар «Алтын орда Шұғыла» балабақшасында да болды. 180 балаға арналған балғындар мекенінде барлық жағдай қарастырылған.
Саяхат мөлтек ауданындағы «Ұлағат» білім ордасы 450 орындық. Қазір 600-ге жуық шәкірт білім алады. Жеке блім беру ұйымдарында болған депутаттар бірқатар ұсыныстарын жолдады. Ал облыстық тексеру комиссиясы балабақшаларды зерделеу барысында кемшіліктердің көп екенін жасырмады. Арнайы педагогикалық білімі жоқ мамандар тәрбиеші, тіпті балабақша меңгерушісі ретінде жұмыс істеп келген. Сондай-ақ санитарлық талаптар мүлдем сақталмаған мектепке дейінгі ұйымдар да бар. Департамент басшысы балаға сапалы білім мен тәрбие беруде өрескел фактілер анықталған балабақшаларды бюджет есебінен жан басына қаржыландыру мәселесін тоқтатуды ұсынды.