Келесі бейнематериалымыз әлемді алты нүкте арқылы таныған қарапайым кітапханашы туралы болмақ. Оның есімі – Ақмарал Нұрлиева. Қажырлы жан Брайль қарпіндегі кітаптарды оқып қана қоймай, осы жүйе бойынша зағип және көзі нашар көретін балаларды оқуға және жазуға үйретіп келеді.

Ақмарал Нұрлиева - бірінші топтағы көз мүгедегі. Соған қарамастан кітапты көп оқиды. Кітаптағы бедерлі нүктелерді саусақ ұшымен сезіну арқылы шығарманың тереңіне бойлап, рухани азық алады.

АҚМАРАЛ НҰРЛИЕВА – КІТАПХАНАШЫ //«Көзім нашарлап қалған соң брайль жүйесін 2007 жылы үйрендім. Содан жазуды, оқуды үйреніп алдым. Өзім бала кезімнен кітапқұмар едім. Содан М. Мәметова атындағы пед.колледжді кітапхана ісі мамандығын бітіріп шықтым. Енді бұл жердегі өзімнің мақсатым көзі көрмей қалған зағип жандарға үйретіп, қоғамға өзімнің үлесімді тигізгім келеді».

Тілші: Бүгінде Ақмарал Нұрлиева зағип жандармен жеке-жеке жұмыс жасайды. Олардың «Брайль қарпін» жетік меңгеруіне үлес қосып келеді. //

Жалпы бұл Брайль қарпінің пайда болуы да ерекше жағдай. Тарихқа бойласақ, Брайль жазуын 1824 жылы 15 жастағы француз жасөспірімі Луи Брайль ойлап тапқан. Ол бала кезінде әкесінің шеберханасында пышақпен көзін жарақаттап алып, асқынудың әсерінен көзі мүлде көрмей қалады. Кейін соқырлар мектебінде білім алып жүргенінде Валентин Гаюидің рельефтік-сызықтар негізінде жасалған қарпімен оқып, оның кемшілігі бар екенін түсініп, өзі жаңа нұсқа ойлап табады. Міне сол өнертабыс бүгінде әлемдегі барша жанарынан айрылған жандардың шырақшысы болып отыр.

АҚМАРАЛ НҰРЛИЕВА – КІТАПХАНАШЫ «Луи Брайль әлемге әйгілі ғажайып алты нүктені ойлап тапқан. Мысалы, осы жердегі алты нүктенің бойында әрпіміз әртүрлі жағдайда орналасады. Мысалы, мына у әріпі 1,3,6 нүктесі болып белгіленеді. Одан бөлек тыныс белгілер бар және сандар бар. Санның алдында арнайы сандық белгісі болады».

ГҮЛАЙ АШЕКОВА - ТІЛШІ

«Бұл брайль қарпін жазатын арнайы құрылғылар. Бұл жерде қағаз, прибор және мына қаламды грифель деп атайды. Мұндағы бір тордың көлемі 3х2 мм құрайды. Осы тордың бойында 6 нүкте болады. Осы нүктелердің ішінде әрбір санның өзіндік коды бар. мәселен, бізге мамандар үйреткен ш әріпі 1,5,6 нүктесінде тұрады. Жалпы осы брайль әліпбиінде жазған кезде оңнан солға қарай жазылады,

Ал құрылғыны ашқаннан кейін солдан оңға қарай оқылады. Жалпы бүгінде облыстық зағип жандар кітапханасының 300-ге жуық оқырманы бар.

АЙНА БЕКЕНОВА - ОБЛЫСТЫҚ «ЗАҒИП ЖӘНЕ НАШАР КӨРЕТІН» АЗАМАТТАРҒА АРНАЛҒАН АРНАУЛЫ КІТАПХАНАНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ «Бір кездері тоқырау замандарында бізге кітап келуі тоқталып қалды. Қазір Алматы қаласынан арнайы баспахана бар. содан жыл да бюджеттен бөлінген қаржыға кітап алып тұрамыз. Былтыр алдық, биыл да 61 кітап алып отырмыз. Сол оқырмандардың сұранысы бойынша, сол кітаптарды арнайы жасап тізімін, сол кітаптарды алып отырмыз. Кітаптарды алар кезде, оқымандарды жинап, сұрап, сол кітаптарды алдыртамыз».

Осылайша Брайль қарпі зағип жандардың білімге, ақпаратқа және коммуникацияға қолжетімділігін арттырса, қарапайым кітапханашы оқырмандардың талғамына қарай кітаптарды оқытып, өз қызметін адал атқарып келеді.