Биылдан бастап елімізде кәсіпкерлерді негізсіз тексеруге жарияланған мораторий мерзімі аяқталды. Енді шағын және орта бизнес өкілдері қауіпсіздік талаптарын сақтамаса, айыппұл төлейді. Сондай-ақ, тұтынушыдан шағым түсе қалса, заңмен шара қолдану тәртібі де қарастырылған.

2020 жылдан бері шағын және орта кәсіпкерлік саласының дамуына мораторийдің айтарлықтай ықпалы болды. Мұны саланы бақылаушы орган өкілдері де растап отыр. Бірақ талап тетігі болмағаннан кейін қауіпсіздік шараларына немқұрайлы қарағандар да аз емес. Осы ескеріліп, биылдан бастап бақылауға пәрмен берілді. Бірақ бұрынғыдай бей-берекет тексеріс болмайды. Жоспарлы тексеріс профилактикалық бақылауға ауыстырылды. Ол кемінде жылына 2 рет жүргізіледі.

Жыл басынан бастап елімізде тәуекелдерді басқару жүйесі іске қосылды. Яғни, тексерістерді адам емес, автоматтандырылған жүйе таңдайды. Талап жұмсарғанымен тәртіп бұзған бизнес өкілдері осы жүйе арқылы тұрақты түрде тексеріледі. Бір сөзбен, жауапкершілік жүгі бизнес өкілдерінің өздеріне жүктеліп отыр. Яғни, қызметін ашық әрі заңды көрсету басты талап. Дегенмен мұның өзі жемқорлық тәуекелдерін қайта туындатуы мүмкін, дейді сарапшы.

Бүгінде өңірде 28 мыңнан астам кәсіпкерлік нысаны тіркелген. Олардың 25 пайызға жуығы мораторийден кейін жұмысын бастады. Сондықтан бас салып тексеріс жүргізілмейді. Құжаттарын дұрыс рәсімдегенше мұрсат берілмек. Ал мұнан соң фискалдық чек бермеу, тауар бағасын көрсетпеу сынды түрлі қулыққа жол берген кәсіп иелеріне 40 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.