#qyzylordatv
Биыл өңірде 172 мыңнан астам мектеп жасындағы баланы жазғы тынығу және сауықтыру шараларымен қамту көзделген. Хош! Ал лагерьге бармайтын балалар қайда жүр? Бос уақытын қалай өткізіп жатыр?Әріптесім Дәулет Сағит қала мен ауыл баласының жазғы каникулда немен шұғылданып жүргенін білуге тырысты.
Тамылжыған жаз айы. Ала құмда алаңсыз асыр салып жалаңаяқ ойнайтын шақ. Ал, ауыл баласы Әбу ойыннан бұрын үйдегі шаруаның біразын өзі тындырып жүр. Жасы небәрі онда. Істеген жұмысына қарасаң, нағыз еңбек адамы дерсің. Малға жем-суын беру, қораны тазалау күнделікті тірлігі.
ӘБУ МЕЙІРБЕКҰЛЫ – ОҚУШЫ //
Таң атысымен қорадағы малдарға барамын. Олардың жем-шөбін салып, суын құйып қоямын. Анаммен бірге коровниктегі сиырларды саууға барып, бұзауды байлап ұстап отырамын. Әкем азаннан кешке дейін жұмыста. Сондықтан үйдің тірлігіне мен жауап беремін. Иә, кейбір сыныптастарым қалаға шығып, демалып келіп жатыр. Бірақ, маған ауылда атқа мініп, сыртта мал бағып жүрген ұнайды. Өзімнің бір жылқым бар мінетін. Үнемі астын тазалап тұрамын. Қиын тазаламаса шыбындап, қолды-аяққа тұрмай кетеді. Менің бұл істеп жүрген тірлігім өзіме жақсы. Еңбекпен шұғылданамын. Денсаулығыма да жақсы.//
Ауыл баласы тіпті қой етін жіліктеуді үйреніп алған. Қонаққа бас тарту кәдесін тақылдап айтып берді.
ӘБУ МЕЙІРБЕКҰЛЫ – ОҚУШЫ //Мысалы: қойдың құлағын кішкентай балаларға береді есту қабілеті жақсы болсын деп. Ал, таңдайды тақылдап тұрсын деп ырымдап береді. Тілін берсе сөйлегіш болсын деп, ал басын үлкен кісілер жеу керек. Ал, төлдеріне келетін болсақ, сиырдыкын бұзау, жылқының төлін құлын, қойдың төлін қозы, ешкінікін лақ, түйенің төлін бота дейді.//
МЕЙІРБЕК ӘКІМОВ – АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ //3
ай демалыс басталды дегеннен балаларымыз қасымызда болады. Мен сыртқа егінге кеткенде, Әбудің тіршілігі қорада. Соған сеніп, бәрін тастап кетемін. Қорада бәйге аттар бар солардың астын тазалап қояды. Жалпы баланы еңбекке ерте араластырған дұрыс қой. Ертең жемісін жейді...//
Ал, қаланың баласы жазғы демалысты қалай өткізіп жатыр? Ескі базар маңында салқын сусын, ыстық жүгері және балмұздақ сатып жүрген балаларды аңғару қиын емес. Бір-екеуін сөзге тартып көрдік. Мына қыз бала биыл тоғызыншы сыныпқа көшіпті. Жаздай жүгері сатып, жаңа оқу жылына қажетті оқу құралдарын сатып алмақшы.
-Маған жүгеріні пісіріп, дайын қылып әкеліп береді. Мен осы жерде отырып, тек сатып беремін. Сатушымын тек. Азаннан кешке дейін сатамын. Бәрін сатып жіберуге тырысамын. Түк қалдырмауға тырысамын. Тек осындай жазғы демалыста ғана шығамын.
-Жазғы каникулға шыққаннан осындасың ба?
-Иә.
-Жұмысың нешеде басталады?
- Сағат таңғы 9-дан бастап осындамын.
-Күніне қанша табасың?
-Әркезде әртүрлі ғой. 10-15 мың табамын.
-Тапқан ақшаңды неге жұмсайсың?
-Өзіме жаратамын. Кейде ата-анама беремін. Қазір енді жинап жатырмын. Ертең сабақ басталса соған ручка, дәптер, киім керек. Соны алуға жинап жатырмын.
-Сенің сыныптастарың осы уақытта қыдырып, қызықты демалыс өткізіп жүр ғой. Сен неге бармайсың?
-Маған ондай қызық емес. Мен осылай ақша тауып, өз нанымды, өз киімімді өзім тапқым келеді.//
Базарда арба айдап, тұрғындардың ауыр жүгін көлігіне дейін жеткізіп беріп жүрген балалар да аз емес.
-Неше оқисың?
-9 сыныпты бітірдім.
-Күніне қанша табасың?
-5-6 мың ғой. Үйдегі анама беремін. Продукты алады. Онан қалды ертең оқуға түссем деп жатырмын. Соғанда ақша керек. Жаз басталса осында келемін ғой. Үйде жатқаннан ақша табайын деп. Кешкі 7-лерге дейін осында жүремін. Сосын үйге қайтамын.//
Иә, жазғы демалыста балалардың барлығы тынығып жатыр деуге келмес. Жасөспірімдер үшін бұл маусым табыс табудың мүмкіндігі болып отыр. Бірі мейрамханалар мен көлік жуу орындарында еңбек етіп жүрсе, енді бірі сауда орындарында нәпақасын тауып жүр.